Қазақстандықтардың мобильді аударымдары енді тұрақты түрде тексеріледі

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды тексеру тетігін түсіндірді. Айтуынша, қазақстандықтардың мобильді аударымдары тұрақты түрде тексеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер оған айына 100 мобильді аударым лимиті тым аз деп санайтын азаматтардың шағымдары бар екенін айтты. Алайда вице-министр бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.
"Егер бір адам үш ай қатарынан әртүрлі 100 адамнан ақша аударымын алса, бұл күмән тудырады. Ол ай сайын туған күніне немесе тойына әртүрлі адамдардан ақша жинай бермейді ғой. Егер әріптестерінен жинаса біз оны көріп отырмыз. Белгілі бір қажеттілікке жинаса оны да көреміз. Ал егер ол тауар сатып, әртүрлі адамдардан әртүрлі сомада ақша алып отырса, оны да анықтай аламыз", – деді Біржанов.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай адамдарға бірден жаза қолданылмайды.
-
Қазақстандағы дүкендерде кез келген банктен төлем қабылдайтын біртұтас QR-терминалдар пайда болады
-
Қазақстанда жалақы 10% өскенімен, нақты табыс 25 жылда ең төмен деңгейге түсті
"Осындай фактілер анықталған жағдайда біз бірден айыппұл салмаймыз. Алдымен хабарлама жібереміз. Жеке шотыңызға не себепті әртүрлі адамдардан үнемі ақша түсіп отырғанын түсіндіруді сұраймыз. Адам оны түсіндіре алады. Бұл тексеріс тұрақты түрде жүргізіледі. Қазір бұл деректер бізде көрінбейді. Алдағы уақытта олар екінші деңгейлі банктер арқылы біздің дерекқорымызға түсетін болады", – деп қосты вице-министр.