Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың медсақтандыру қорының жұмысына көңілдері толмайды

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген бір жылдың ішінде тұрғындар тарапынан он мыңға тарта шағым келіп түсіпті. Азаматтар медициналық қызметтің сапасы нашар екенін және мамандар жетіспегендіктен дәрігерлерге жазылу үшін айлап кезекке тұратындарын айтады. Сол себепті кейбір тұрғындар сақтандыру қорына қаржы құюдан бас тарта бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеп хабарлайды.

Қарағанды тұрғындарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ашулары қара қазандай. Жүйе енгізілсе де, емханада сағаттап тұратын кезек азаяр емес. Тіпті мамандардың қабылдауына кірудің өзі проблемаға айналған. Тұрғындар медсақтандыруды міндетті түрде төлеп отырғанымен, дәрігерге жазылудың өзі мүмкін болмай отырғандарын айтады. Кейде тіпті шыдай алмай, жекеменшік емханаларға ақылы қаралатын болдық дейді. 

"Емханада бітпейтін кезек, алдын ала жазылудың өзі мүмкін емес. Сондықтан жеке меншік клиникаларға ақылы түрде өте саламын. Ол үшін жүйкемді құртқым келмейді", - дейді пациент Айнагүл Нұрбаева.

 Атырау облысында да емделушілер тарапынан шағымдар көп. Мәселен, тек өткен жылы қорға облыс тұрғындары 150-ге жуық шағым түсірген. Оның басым бөлігі медициналық сараптамаларға жолдама алу қиындығына байланысты болған. Қор басшыларының айтуынша арыз-шағымдар уақтылы қаралуда. Дегенмен емдеу орындарындағы кемшіліктерге денсалық сақтау басқармасы жауапты деп отыр.

Ал Жамбыл облысының дәрігерлері көбіне науқастар күнделікті ем қабылдап жатпағанын айтып, міндетті медициналық сақтандыру қорына қаржы құюдан бас тартады дейді. Бірақ шағым айтып келген әрбір сырқатқа алғашқы көмек көрсетіледі екен. Яғни, тұрғынның сақтандыру қорында қаражаты болмаса да түрлі талдауларға, дәрігерге қаралуға мүмкіндігі бар. Ал магнитті-резонансты бейнелеу, компьютерлік томография секілді қымбат зерттеулер жасату үшін міндетті түрде медициналық сақтандыру қорына соңғы 12 айға ақша салуы керек. Ол шамамен 25 500 теңге көлемінде болады екен. 

Елімізге медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген бір жылдың ішінде сегіз мыңнан артық адам оның жұмысына көңілі толмайтынын айтып, шағымданыпты. Емделушілер қызмет сапасына, тіпті оның әлі де қолжетімсіз екеніне арызданады. Ал биылдан бастап тіпті, медициналық сақтандыруға компания қызметкерлері үшін екі пайызды, ал жұмысшылар өз жалақыларынан тағы 2 пайызды, жиынтығы 4 пайыз аударылады. Яғни, азаматтар сақтандыруға екі есе шығындануға тура келеді.

"Сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері медициналық қызметтердің бағасы да өсті. Соған сәйкес тарифтер де өсіп жатыр. Төлемақысы, жалақысы дұрыс болған жағдайда жалпы медициналық қызметкерлер медициналық ұйымдарда жұмыс жасауға ынталанатын болады", - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ департамент директоры Зәбира Оразалиева.

Соңғы бір жылдың ішінде қазақстандықтар медициналық сақтандыру қорына 550 миллиард теңге аударған екен. Бірақ бұл қаржы кадр даярлау мен тапшылығын шешуге немесе қажетті құрылғыларды алуға бөлінбейді дейді мамандар. Қордағы ақша көрсетілген медициналық қызметтің ақысын емханаға төлеуге яғни, дәрігерлердің жалақысына кетеді екен. 

Талқылау