Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың ескі несиелерін проактивті түрде есептен шығару ұсынылды

Қазақстандықтардың ескі несиелерін проактивті түрде есептен шығару ұсынылды
Фото: depositphotos.com

Қазақстандықтардың ескі несиелерін проактивті түрде есептен шығару ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазақстандықтардың проблемалық несиелерін проактивті түрде есептен шығару тетігі туралы айтты. 
 
Оның айтуынша, бүгінде барлық азамат заңдағы бар нормалар және өздерінің проблемалық қарыздарын есептен шығару мүмкіндігі туралы біле бермейді.

"Біз проактивті механизм енгізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, азаматтың ұзақ мерзімді қарызы бар және оның несиені өтеуге мүмкіндігі жоқ болса, оған push-хабарлама келеді. Онда ол осы тетік арқылы өз қарызын есептен шығара алатыны көрсетіледі. Осындай проактивті форматты енгізгіміз келеді", – деді агенттік басшысы Мәжілістегі брифингте.

Қазіргі уақытта мұндай push-хабарламалар форматы агенттік пен қаржы министрлігі бірлесіп әзірлеп жатыр. 

Өткен жылдан бастап Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалы берешекті коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторий енгізілген.


Қазақстандықтардың несиесі енді кешірілмейді


Қазақстанда ипотекалық және тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме өзгереді


"Бізде проблемалық қарыз алушылардың үлесі банктер мен микроқаржы ұйымдарында әлі жоғары деңгейде қалып отыр. Өткен жылы біз коллекторлық агенттіктерге берешекті сатуға мораторий енгізгеннен кейін банктер мен микроқаржы ұйымдарында проблемалы берешек өсе бастады. Бірақ керісінше, бұған дейін банктер мен қаржы ұйымдары проблемалық несиелерін сатып, тапсырып келген коллекторлық агенттіктерде мұндай қарыз алушылар саны екі еседен астам азайды", – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова.

Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалық берешекті қайта құрылымдау міндеті жүктелген. Енді проблемалық берешекті коллекторларға сатуға қойылған мораторий тағы бір жылға ұзартылмақ.

"Маусым айында заң қабылданғанда біз онда қосымша міндеттемелерді енгіздік. Мысалы, белгілі бір санаттағы азаматтар үшін қанша күнге дейінгі жеңілдік мерзімі белгіленуі тиіс екенін нақтылап жаздық. Бұл – қайта құрылымдауда барлық тарап үшін бірыңғай ереже болуын қамтамасыз ету мақсатында жасалды", – деді Әбілқасымова.

Сонымен қатар, ол агенттіктің мінез-құлықтық қадағалау шеңберінде жаңа жүйе енгізіп жатқанын айтты. Бұл жүйе банктерге несие бермес бұрын ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалау, азаматтардың өтініштерін қарайтын және қайта құрылымдаумен айналысатын арнайы бөлімше құру міндетін жүктейді.

Қарастырылған екінші маңызды тетік – жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң.

"Біз екінші маңызды қадам ретінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды енгіздік. Өздеріңіз білесіздер, бұл заң алғаш қабылданғанда тиімді жұмыс істемеді. Осы уақыт ішінде тәжірибеде анықталған олқылықтарды жою үшін бірнеше түзету енгіздік", – деді Мадина Әбілқасымова.

Төлеу мерзімі бес жыл, тіпті он жыл бұрын өтіп кеткен азаматтар үшін жеке тұлғалардың банкроттығы арқылы қарызды жеңіл түрде есептен шығару тетігі қарастырылуда.

"Мысалы, азаматтар банкроттық рәсіміне жүгініп, проблемалы берешегін есептен шығарғысы келеді, бірақ ол үшін соңғы 12 ай бойы қаржы ұйымымен реттеу рәсімін жүргізгені туралы анықтама талап етіледі. Енді біз бұл талапты 2025 жылдың 1 қаңтарына дейінгі барлық проблемалы несиелер үшін алып тастадық. Қазір бес жылдан, тіпті он жылдан астам мерзім бойы проблемалық несие өтелмей келе жатқан азаматтар бар. Олардың төлем қабілеттілігі қалпына келмейтіні анық. Сондықтан мұндай азаматтар үшін банкроттық арқылы берешекті жеңіл есептен шығару тетігін енгізу қажет. Осыған байланысты біз заңға тиісті өзгерістер енгіздік", – деп мәлімдеді агенттік басшысы.

Еске салсақ, Қазақстанда алаяқтар рәсімдеген несиелерді сот арқылы есептен шығару тәртібі енгізілді.

 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 20:58
Талқылау