Қазақстандықтардың депрессияға түсуіне дұрыс тамақтанбауы себеп – Зерттеушілер
 Фото: Stan.kz/Chat Gpt арқылы жасалды
Фото: Stan.kz/Chat Gpt арқылы жасалды
Қазақстанда алғаш рет ішек микробиомының құрамы, адамның жай-күйі және суицид қаупі арасындағы байланысқа қатысты зерттеу жүргізілді. National Laboratory Astana микробиом зертханасының аға ғылыми қызметкері Әлібек Қосымовтың айтуынша, біздің не жейтініміз физикалық денсаулыққа ғана емес, мидың жұмысына да әсер етеді. Тіпті өз-өзіне қол салу ойының пайда болуына да ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл суицид жасаған адамдардың ішек микробиомынан алынған үлгілер талданған Қазақстандағы алғашқы ғылыми жоба. Зерттеуге 30 бен 42 жас аралығындағы 71 адам қатысқан. Олардың ішінде дені сау адамдар да бақылау тобы ретінде қамтылған.
Әлібек Қосымовтың айтуынша, ғалымдар ішек микрофлорасы мен орталық жүйке жүйесінің арасында екіжақты байланыс бар ма, соны анықтауға тырысқан. Осылайша ішекте өмір сүретін бактериялар эмоцияға, мінез-құлыққа және психикалық күйге қаншалықты әсер етеді, деген сұрақ зерттелді.
“Біз белгілі бір микробиомдық маркерлер мен метаболикалық процестер депрессияны диагностикалау және емдеудің жаңа әдістерінің негізіне айнала алады деген гипотеза ұсындық. Зерттеу нәтижелері айтарлықтай маңызды болды. Суицид жасаған адамдардан қабынулар, инфекциялар және бета-лактамды антибиотиктерге төзімділікпен байланысты патологиялық метаболикалық жолдар анықталды. Сондай-ақ стресс реакцияларын реттейтін пентозофосфаттық жолдың жоғары белсенділігі байқалды”, – деді ол.
Әлібек Қосымовтың сөзінше, бақылау тобындағы адамдарда керісінше “сау” метаболикалық процестер басым болған.
“Дені сау адамдардан Кребс циклі, энергия алмасуы, тотығу фосфорлануы және В6 дәруменінің метаболизмі анықталды. Бұл процестер жүйке жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, “бақыт гормоны” серотониннің қалыптасуына ықпал етеді”, – деді ол.
Зерттеуге қатысқан суицид жасаған адамдардың ішінде 16 адамның қанынан алкоголь, үшеуінен есірткі анықталған. Ал 22 адамда темекі шегу және басқа да зиянды әдеттер болған.
Қосыовтың айтуынша, бұл деректер тамақтану, микробиом және психикалық денсаулық арасында тығыз байланыс барын дәлелдейді.
“Микробиомның құрамы біздің ас мәзірімізге тікелей байланысты. Егер рационында фастфуд, алкоголь және қайта өңделген өнімдер көп болса, бактериялар балансы бұзылады. Бұл психологиялық күйге әсер етуі мүмкін. Бұл тікелей себеп емес, бірақ маңызды қауіп факторы”, – деді ол.
Зерттеушінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда әр оныншы ер адам және әр төртінші әйел депрессияға ұшырайды. Суицид жағдайларының 11-17%-ы депрессивті бұзылулармен байланысты. Ал суицид жасағандардың 60-70%-ы ауыр депрессиядан зардап шеккен.
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
