Қазақстандықтардың 90%-дан астамы темекіден зияны аз баламаларды таңдайды: Зерттеу нәтижесі жарияланды
Фото: "Стратегия" қоғамдық қоры
Темекіге қарсы мемлекеттік саясат пен қоғам пікірінің арасындағы алшақтық барған сайын күшейіп келеді. Қазіргі тыйымдар шынайы себеппен емес, салдармен күресіп отыр деген пікір жиі айтыла бастады. Азаматтық қоғам өкілдері мұндай шаралардың тиімділігіне күмән келтіріп, биліктен ашық диалог пен ғылыми негізделген шешімдер күтеді. Осы және өзге де мәселелер "Қазақстандағы темекі саясаты: деректер, қоғам талабы және халықаралық тәжірибе" атты баспасөз конференциясында талқыланды.
"Мемлекет темекі шегуді төмендету үшін күрессе, адамдар өз пікірінің еленуін талап етуде. Қазақстандықтар темекінің зиянын түсінеді, бірақ одан толық бас тартуға дайын емес. Сондықтан заңды түрде зияны аз баламалар туралы шынайы ақпарат пен әділ ережелер қабылдануын қалайды", — деді "Стратегия" қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуова.
Баспасөз жиынында қор сарапшылары түтінсіз өнімдерге тыйым салудың салдарын талдап, мұндай тәсілдің "өртті бензинмен сөндірумен тең" екенін мәлімдеді. Сарапшылар 2023–2025 жылдар аралығында жүргізілген ауқымды мониторинг деректерін ұсынып, электронды темекі мен темекіні қыздыру құрылғыларын пайдаланушылардың көзқарасын, сондай-ақ жаңа никотин өнімдерінің денсаулыққа, мінез-құлыққа және экономикаға әсерін саралады.
Тыйым салу көлеңкелі экономикаға жол ашты
Сарапшылар тыйымға қарамастан сұраныс төмендеген жоқ, халық денсаулығы жақсармады, темекі шегушілер саны азаймады, мемлекет салықтан, ал азаматтар таңдау құқығынан айырылды деп есептейді.
2024 жылдың маусымында Қазақстанда электронды темекі әкелуге және сатуға тыйым салынды. Алайда нарықта олар жоғалып кеткен жоқ, жай ғана сауда орнын өзгертті. Сауда Telegram-ға және базарларға ауысты, ал бұл жерлерде бақылау жүргізу мүмкін емес.
2024 жылдың екінші жартысында 200 мыңнан астам, ал биыл алғашқы алты айда 440 мың тыйым салынған құрылғы тәркіленді. Сарапшылардың айтуынша, көлеңкелі нарық 120%-ға өсті, ал ересек пайдаланушылардың жартысы әлі де вейп шегуді жалғастырып келеді. Электронды құрылғылардың үлесі темекі өнімдерінің апта сайынғы көлемінде 2022 жылғы 0,8%-дан 2025 жылы 10,1%-ға дейін өсті. Яғни тыйым сұранысты жойған жоқ, оны тек "көлеңкелі экономикаға" ауыстырды. Кальянға келсек, бұл жерде де жағдай сәл сондай. 2020 жылы тыйым салынған кальян әлі де ойын-сауық мекемелерінде сатылады, заңнан қорықып, елеп жатқандар шамалы.
Фото: "Стратегия" қоғамдық қоры
"Мемлекет қоғамда болып жатқан фактілерді елемесе, жағдай ушыға береді. Заң аясында тыйым салу бар болғанымен, жағдай сол баяғы қалпында қалып отыр. Шылым шегушілер азайды деп айтуға келмейді. Заңмен салынған тыйымнан нәтиже жоқ, тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Қазақстанда вейп, кальянға тыйым салынғанына қарамастан, олар түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Жасырып әкелушілер мен сатушылар әлі де бар. Соның салдарынан мемлекет қазынасына салық түспейді, көлеңкелі экономика үлесі артып, тыйымдар сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отыр", - дейді "Стратегия" қорының жоба үйлестірушісі Азат Мұхамедиев.
Дамыған елдер темекіні шектемей, зиянын азайту жолын таңдаған
"Стратегия" қоғамдық қорының мәліметінше, Ұлыбритания мен Жаңа Зеландия шектеуге емес, зиянды азайтуға басымдық берген. Мұнда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл елдерде ересек шылым шегушілерге дәстүрлі темекіден гөрі зияны аз баламаларға қолжетімділікті арттырып, нәтижесінде темекі шегу деңгейі мен оған байланысты аурулар айтарлықтай төмендеген.
Швецияда бұл стратегия тіпті тиімділігін көрсетіп отыр. Никотин өнімдерін қатаң бақылау мен реттеу арқасында темекі тұтыну деңгейі 5%-дан төмен деңгейге жетіп, ел іс жүзінде "темекісіз" қоғамға айналған.
"Стратегия" қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуованың айтуынша, дүниежүзілік тәжірибе заңды балама және ақпараттандыру толық тыйымнан әлдеқайда нәтижелі екенін көрсеткен.
Фото: "Стратегия" қоғамдық қоры
"Швеция, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда қорқытпай саналы таңдау жасауға жағдай жасалған. Сол себепті адамдар темекі шегуді азайтқан. Ал Қазақстанда реттеу көбіне ДДСҰ-ның қатаң ұстанымына сүйеніп, зияны аз өнімдерді кәдімгі темекімен теңестіріп, зиянды азайтуға қатысты деректерді елемейді. Соның салдарынан шылымның классикалық түрі – ең көп таралған өнім болып қала береді. Сондықтан Қазақстан тыйым салғаннан гөрі дұрыс ақпарат беріп, адамға саналы түрде таңдау жасау тәжірибесіне назар аударуы тиіс", – дейді Гүлмира Илеуова.
Зерттеулер көрсеткендей, адамдар түтінсіз баламаларға ауысқанда ең алдымен темекіден бас тартуға мүмкіндік алады, жөтел мен ентігу азаяды, ұйқы жақсарады, жалпы өзін жақсы сезіне бастайды. Жөтелдің жоғалуының өзі адамдар үшін маңызды.
Медицина тұрғысынан бұл созылмалы обструктивті өкпе ауруы (СОӨУ) қаупінің төмендеуімен байланысты. Мысалы, осындай диагнозы бар және электронды темекіге ауысқан науқастарды 5 жыл бақылаған зерттеушілер олардың денсаулығында айтарлықтай жақсы өзгерістер болғанын байқаған. Ал әдетін өзгертпегендерде керісінше асқыну жиі тіркелген.
Қор мамандарының айуынша, Қазақстан 2006 жылдан бері темекіге қарсы күрес жөніндегі ДДСҰ-ның Рамалық конвенциясына қатысып келеді. Дегенмен көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Ересектер арасындағы шылым шегу деңгейі 2014 жылы 22,4% болса, 2021 жылы 20,8%-ға, ал 2024 жылы шамамен 20%-ға ғана түскен. Бірақ халық саны артқандықтан, шылымқорлардың жалпы саны 2,8 млн-нан 3 млн адамға дейін көбейген.
Елімізде шамамен 1 миллион ересек адам түтінсіз өнімдерге ауысқан және олардың басымдығы статистикада анық көрінеді. "Стратегия" қорының 2023–2025 жылдардағы мониторингі көрсеткендей, қазақстандықтар тыйымдарға сенбейді және саналы таңдау құқығын талап етеді.
Фото: "Стратегия" қоғамдық қоры
Түтінсіз өнімге ауысқандардың 40%-дан астамы денсаулығының жақсарғанын мәлімдеген. Олардың ішінде 63,3% жағымсыз иіс жоғалғанын, 37,1%-ы жөтел мен ентігу азайғанын, 21,1% дәм сезу мен тәбеті қалпына келгенін айтқан. Адамдар жөтел мен ентігудің азаюын денсаулықтың жақсаруының басты белгісі деп есептейді. Ал созылмалы обструктивті өкпе ауруы бойынша халықаралық зерттеулер электронды темекіге ауысқан науқастарда аурудың өршуі айтарлықтай азайғанын дәлелдейді.
Түтінсіз өнімдерге тыйым салуды халықтың тек 31,6%-ы ғана қолдайды. Ал 44,1%-ы керісінше, қатаң тыйымдарға қарсы. Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі 76%-дан астам респондент міндетті сертификаттау, таңбалауды, сатуды 21+ жасқа дейін шектеуді қолдайды.
"Қазақстандықтардың 91,2%-ы темекіге қарағанда зияны аз балама таңдау құқығын беруді сұрайды. Шынайы ақпаратқа сұраныс жыл сайын өсіп келеді.2023 жылы – 85,6% болса, 2025 жылы – 93,1% құрады. Бұл деректер тұтынушылар өзгеруге дайын екенін, бірақ оларға ашық ақпарат пен қолдау жетіспейтінін көрсетеді. Он адамның тоғызы “шындықты білгіміз келеді және аз зияндысын таңдағымыз келеді” десе, бұл жай статистика емес, бұл белгі. Мемлекет осы үндеуге қолақ асып, тиым салмайтын, шын мәнінде нәтиже беретін ережелерді қабылдауы керек", - дейді Азат Мұхамедиев.
Қоғамда түтінсіз баламаларға және олар туралы сенімді ақпаратқа тұрақты әрі жоғары сұраныс бар. Ал бұл сұранысты елемеу дәстүрлі темекіге жол ашып, оның зиянын азайту мүмкіндігіне кедергі келтіреді.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
