Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың 66 пайызы референдумға қатысуға ниетті – зерттеу институты

Телефон арқылы жүргізілген әлеуметтік сауалнама бойынша қазақстандықтардың 66 пайыздан астамы 5 маусымдағы республикалық референдумға қатысуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл туралы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Біздің барлығымыз үшін қоғамның референдум идеясы туралы не ойлайтынын түсіну маңызды. Бұл маңызды бастамаларды қолдай ма, егер қолдаса, қандай дәрежеде қолдайды. Сондықтан мемлекет басшысы референдум туралы жариялағаннан кейін 9-12 мамыр аралығында "Қазақстандықтардың конституциялық реформалар мен референдумға қатынасы" атты телефондық әлеуметтік сауалнама жүргізілді”, – деп хабарлады Тұқымов ОКҚ брифингінде. 

Оның айтуынша, сауалнамаға Нұрсұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің барлық облыстарынан 1200 респондент қатысқан. 

"Сауалнамаға сәйкес, халықтың 66,4 пайызы референдумға қатысуға ниетті екендерін білдірді. Заңнамаға сәйкес сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысқан кезде референдум өткізілді деп есептеледі.

Қазақстандықтардың 70 пайызы алдағы жалпыұлттық референдум туралы естіді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, президенттің референдум өткізу туралы бастамасын қазақстандықтардың 76,4 пайызы қолдайды. Қазақстандықтардың басым көпшілігінде елімізде болып жатқан өзгерістердің маңыздылығын түсінеді", – деп түйіндеді Тұқымов.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директорының айтуынша, халықтың 15,4 пайызы референдум идеясын қолдамайды. Тағы 8,2 пайызы қандай таңдау жасау керектігі туралы шешім қабылдамаған. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Билік Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізуді көздейді. Азаматтар референдумда "Қазақстан Респуб­ли­касы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына өзгерістер мен толықты­руларды қабылдайсыз ба?" деген сұраққа жауап береді.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 17 Мамыр, 2022 16:43
Талқылау