Полицияның әрекеті заңды – Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарды әскерге көшеден күштеп алып кету жайлы
Қарулы Күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков қазақстандықтарды әскерге көшеден алып кетіп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қорғаныс министрлігі
Фархат Айдарбеков мұндай әрекеттердің көктемгі шақыру кезінде болғанын мойындады. Ал күзгі әскерге шақыру науқанында мұндай шаралар қолданбағанын айтты.
“Мәселенің оңтайлы шешімін таптық. Қазір әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен де тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Сонымен қатар, әскери ардагерлердің үгіт-насихат жұмыстарының арқасында қазір мұндай жағдайларға жол берілмейді”, – деді Фархат Айдарбеков орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте.
- Қазақстанда әскери қызметтен жалтарғандар мен бас тартқандарға қандай жаза қарастырылады
Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин жастарды әскерге көшеден алып кетіп жатқан жағдайлардың БАҚ бетіне жиі шығатынын айтты. Алайда оның сөзінше мұндай жағдайлар халық ойлағандай көп болмайды.
“Егер біз 40 мың адамды әскерге шақыртсақ, бір-екі рет қана жастарды көшеден алып кеткен болар. Ішкі істер органдары әскерге келмегендерге іздеу салады. Бұл жағдайда полицияның әрекеті заңды. Азаматтар неге өздері келмейді? Мұның әртүрлі себебі болуы мүмкін: мысалы, ол бір жерде тіркелген болып, бірақ ол басқа қалада болуы мүмкін”, – дейді Руслан Жангулин.
Бұған дейін Ақтөбеде екі ер адам жігітті күштеп әскерге алып кетпекші болғаны туралы жазған едік.