Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күтіп алушылар мен шығарып салушыларға енгізілген жаңа шектеулер: Қазақстандықтар наразылықтарын білдіруде

Еліміздің вокзалдары мен әуежайларында күтіп алушылар мен шығарып салушылар үшін енгізілген жаңа шектеулер қазақстандықтарды ашуландырды. Көліктегі санитар дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, енді жолаушыларды шығарып салып, қарсы алуға болмайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар" арнасына сілтеме жасап.

Қазақстандықтар жақындарын еркін күтіп алып, шығарып сала алмауда. Бұл ретте жолаушыларға үлкен әрі ауыр сөмкелерді жалғыз арқалауға тура келеді.

"Мен Жезқазғанға бара жатырмын. Мұнда емделдім, енді үйге. Ішке кіргіміз келеді, бізді жібермейді. Жалғыз өзім мына сөмкелерді қалай сүйреймін? Олар бізге көмектесеміз дейді. Камераны алып тастаған кезде ешкім көмектеспейді", — деді елордадағы вокзалда жолаушы.

Теміржол вокзалының қызметкерлері болса жиналғандарды өз қалауымен өткізе алмайды. Бас санитар дәрігердің қаулысы бар - санитария нормаларының сақталуына байланысты вокзал аумағына күтіп алушылар мен шығарып салушыларға кіруге тыйым салынған. Әуежайларда да осындай талаптар енгізілген. 

Бұл аймақтарда әлеуметтік қашықтық сақтала бермейтіні өтірік емес. Ал станция әкімшілігі көмекке мұқтаж әрбір адамға көмек көрсетілетініне сендіреді.

"Егер үлкен жүгі бар, кішкентай балалары бар адамдар, мүгедектер болса, бізде вокзалда кезекшілер көмектеседі. Сондай-ақ жүкті тасымалдауға көмектесетін зембіл қызметі де бар. Біз адамдарға көмектесеміз, бірақ біз күтіп алушылар мен шығарып салушыларды өткізе алмаймыз, өйткені бұл ережені бұзу", - деді Nur-Sultan теміржол вокзалының сервис жөніндегі жетекші инженері Оксана Джигарина.

Тасымалдаушы компанияда да: "вокзал қызметкерлері мен күзетшілер халықтың қауқары аз топтарының, егде жастағы адамдардың және балалары бар жолаушылардың қол жүгін көтеруге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырды", - деп растады.

Дегенмен әрбір жолаушыға жеке тегін жүк тиегішті табу екіталай және ешкім қасында көмектесетін адам бола тұра, қалтасынан артық ақша шығарғысы келмейді. Ақысына келетін болсақ, стандартты сөмке - 500 теңге. Егер үш сөмке болса, онда 1500 теңге. Дегенмен келісуге болады.

Көліктегі бас санитар дәрігер Жанар Оразалинаның айтуынша, вокзалдардағы тәртіпті сол жердегі қызметкерлер қадағалауы тиіс. Қаулы эпиджағдай бойынша "қызыл" аймаққа кіргендерге қолданылады. Олардың құзыретті осымен аяқталады.

"Бұл жағдайда жақын туыстарын немесе таныстарын шығарып салуға келген азаматтарымыздың санасына сенім артамыз. Біз барлық ережелерді — әлеуметтік арақашықтықты, қоғамдық орындарда маска тағу режимін сақтауға шақырамыз", - деді көліктегі бас санитар дәрігер Жанар Уразалина.

Осылайша, қақпалар "қызыл" аймақтан шыққаннан кейін ғана ашылады.

Гүлдана Қазтай
Дүйсенбі, 19 Сәуір, 2021 12:59
Талқылау