Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар үйден шықпай-ақ, 3,5% мөлшерлемемен қалай ипотека рәсімдей алады

Әрбір қазақстандық үй сатып аларда әуре-сарсаңға түсетіні белгілі. Себебі баспананы іздеп тауып, сатушымен келісіп, оны өз атыңызға рәсімдеу үшін біраз уақыт жұмсауға тура келеді. Ал егер пәтерді ипотекаға алсаңыз, жұмысыңыз тағы көбейе түседі. Дегенмен бүгінде мұндай несиені үйде отырып-ақ, онлайн рәсімдеуге болатынын біреу білсе, біреу біле бермейді. Мәселен, Отбасы банк ұсынған Baspana Market порталының көмегімен тұрғын үйді 3,5% мөлшерлемемен онлайн алуға болады. Бұдан бөлек, цифрлық ипотекада мемлекеттік бағдарламалар да қарастырылған. Бірегей платформаны пайдаланып, қалай ипотекалық заем алуға болатынын және оның артықшылықтары жайлы бүгінгі мақаламызда айтып береміз. 

ипотека

Отбасы банк келтірген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда банк салымшыларының саны 2,3 миллионнан асып түседі. Ал олардың ыңғайлығы үшін банк былтыр бір платформадан шықпай, үй таңдап, оны ипотекаға рәсімдеу мүмкіндігін беретін бірегей Baspana Market жүйесін іске қосқан еді. 

Baspana Market қалай жұмыс істейді? 

Baspana Market арқылы қазақстандықтар жаңадан салынған немесе екінші нарықтан үй таңдап, “Нұрлы Жер”, “Өз үйім”  және «Әскери баспана» бағдарламалары аясында баспаналы болу үшін өтініш жібере алады. Бір айта кетерлігі, аталмыш платформа – мемлекеттік бағдарлама бойынша онлайн ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беретін бірден-бір жүйе. 

Ипотекаға өтініш білдірушілер Baspana Market-те нысанның жағдайымен танысып, қолжетімді пәтерлер мен оның бағасын, жобасын қарай алады. Таңдау жасаған соң онлайн түрде жылжымайтын мүлікке брон жасап, жеке кабинет арқылы үйді рәсімдеуге қатысты барлық үрдістерді бақылайды. 

Егер азаматтың таңдауы жаңа үйге түссе, платформа арқылы ол мердігер құрылыс ұйымының мамандарынан онлайн кеңес ала алады. Ал қолданыста болған пәтерді таңдаған салымшы платформаға кіріп, үйді ипотека арқылы рәсімдеу мүмкіндігінің бар-жоғын тексере алады. 

Онлайн ипотека қалай жүзеге асырылады? 

Бастапқы немесе қайталама нарықта үй алғысы келетін әрбір азамат Отбасы банкінен онлайн ипотека рәсімдей алады. Мұндай ипотеканың арқасында енді салымшы бұрынғыдай банк бөлімшесіне тоғыз рет емес, тек екі рет –құжат өткізерде және келісімшартқа қол қою үшін ғана келеді.

Ипотеканы онлайн рәсімдеу үшін Baspana Market порталында жеке кабинеттің болуы шарт. Мұнда азамат келісімшартқа қол қойғанға дейін жеке видеокеңесшімен байланысқа шығады. Видеобайланыс арқылы клиент мазалаған сұрақтар бойынша жауап алуға болады. Сонымен қатар бекітілген кеңесші алдын ала қарыз бен төлем сомасын есептеп, қажетті құжаттар тізімін жолдайды.

Әрі қарай клиент өз бетінше жылжымайтын мүлікті іздеп тауып, оны бағалайды. Сатушымен келісім жасасқан соң, оператор несиеге өтініш жолдауға көмектесіп, банктің қарызды мақұлдау барысын қадағалайды. 

Егер банк несиені мақұлдаса, кеңесші нотариуспен сату-сатып алу келісімін жасау үшін ыңғайлы уақытты белгілейді. Осы тұста клиент бөлімшеге шақырылады. Айтылған үдерістердің барлығы жүзеге асқан соң азамат  келісімшартқа қол қою үшін банкке бірінші рет келеді. 

Онлайн ипотеканың қандай артықшылықтары бар? 

  • Азаматтар банк бөлімшесіне бірнеше рет келіп, сағаттап кезекте отырмайды, барлығын онлайн түрде жүзеге асырады;
  • Пәтер алғанға дейін әр клиент жеке кеңесшінің көмегіне жүгіне алады;
  • Банк шешімін онлайн түрде білуге болады;
  • Егер табыс көлемі жетпеген жағдайда видеоқоңырауға қоса қарыз алушыны (созаемщик – ред.) шақыру қарастырылған (оның қай қалада екенін маңызды емес);
  • Қазақстанның кез келген аймағынан пәтер таңдап, оны ипотекаға рәсімдеу мүмкіндігі бар;
  • Несие 5 минутта мақұлданады;
  • Ипотека қауіпсіз түрде рәсімделеді;
  • Онлайн түрде кепілді рәсімдеу мүмкіндігі;
  • Азамат несиеге өтінішті бүгін беріп, келесі күні ипотекалық қарызға ие бола алады.

Видеокеңесші клиентке қалай көмектеседі? 

Көп жағдайда қазақстандықтар ипотеканы бір-ақ рет қана рәсімдейді, сондықтан да бұл процесті толығымен цифрландыру дұрыс емес дейді банк өкілдері. Сол себепті Baspana Market-те цифрлық қызметтермен қоса, азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, көмек беретін мамандар жұмылдырылған. 

Отбасы банкінің осындай видеокеңесшілерінің бірі – Әлия Бейсенбі платформа тұрғындардың жұмысын едәуір жеңілдеткенін алға тартады. Клиенттердің қиындықтарын шешіп, көкейіндегі сұрақтарға жауап беру басты міндетіміз деген ол  ипотеканы рәсімдеу үшін азаматтар банк бөлімшесіне тек екі-ақ рет келетінін сөз етті. 

“Бұған дейін банктің бөлімшесінде жұмыс жасағандықтан ол жақтағы жағдаймен етене таныспын деп айта аламын. Клиент белгілі бір мәселе бойынша банкке келіп, талон алып, сағаттап өз кезегін күтуіне тура келеді. Ал бір адамға консультация беру кей жағдайда екі сағатқа дейін созылып кетуі мүмкін. Оның үстіне азаматтың жұмысы бір консультациядан кейін аяқталмайды. Егер алдағы уақытта ипотека рәсімдеу қажет болса, ол тіпті 4-5 рет бөлімшеге қайта келеді.

Ал Baspana Market-те Қазақстанның қай аймағында жүрсеңіз де, бастысы – интернет пен смартфоныңыз болса, жұмыс уақытында хабарласып, бізден кеңес ала аласыз. Ипотека алу үшін банк бөлімшесін тек екі рет, құжаттарды өткізуге және келісімшартқа қол қою үшін ғана барасыз. Қалған жұмыстың барлығы онлайн жүзеге асырылады”, – дейді банк маманы. 

Видеокеңесші тұрғындардың әртүрлі мәселе бойынша мамандардың көмегіне жүгінетінін сөз етеді.

“Әр клиенттің сұрағы, мәселесі, ақпаратты қабылдауы да әртүрлі.  Сондықтан байланыс кезінде олардың әрбірімен жеке әдіс-тәсіл бойынша әңгімелесеміз. Осы тұста біз экономикалық, менеджмент және психологиялық тұрғыда білімімізді қолдана отырып, клиенттерге көмек беріп, баспаналы болуына көмектесеміз.

Көп жағдайда портал қолданушылары белгілі бір бағдарламаларға қалай өтініш беру және оны қалай, қайдан көруге болатынын сұрау үшін хабарласады. Сонымен қатар Отбасы банкімен келісімі бар құрылыс компанияларының тізімін жайлы сұрақтар жиі түседі. Порталдан сұрақтар өте көп келеді. Сондықтан видеокеңесшілер қай батырманың қайда орналасқанын, қажетті ақпаратты қайдан табуға болатынын айтуға дайын отырады”, – деп қосты ол. 

“Есте қалған бір жағдайды айтып берсем. Осы жылы ақпан айында бізге Қызылорда қаласында вахталық жолмен жұмыс істейтін ер азамат хабарласып, тұрғын үй депозиттері бойынша консультация беруімізді өтінді. Берген кеңесімізден кейін ол  ипотекалық заем алуға әзір екенін, қолында алғашқы жарна барын айтты. Алайда хабарласқан азаматтың өз депозиті жоқ болып шықты. Осы орайда оған депозит сатып алуды ұсындым. Клиент келісіп, уақыт жоғалтпай, Алматыдан үй іздеуге кірісіп кетті”, – дейді банк қызметкері. 

Ипотеканы рәсімдеу кезінде қиындықтар туындамас үшін маман бірқатар мәселелерді ескерген жөн дейді.

“Пәтер табылған соң біз өз тарапымыздан жылжымайтын мүліктің құжатын тексеріп, түзейтін жерлер бар екенін анықтадық. Барлығы аяқталып, несиеге өтініш бергеннен кейін клиенттің табысы ипотека рәсімдеуге жетпей қалды. Бұған өтініш берушінің  зейнетақы түсімінің айдың соңында бір-ақ аударылатыны себеп болған. Осылайша азаматтың алтыншы айдағы зейнетақы түсімі есепке алынбай қалған. Соған байланысты тағы күтуімізге тура келді. Ай соңында өтінішті қайта жіберейік десек, сатушы үйді сатудан бас тартты. Сол себепті басқа пәтер іздеуге тура келді. Осылайша ер азамат армандаған баспанасына қол жеткізді, ол үй алғанда өзім де пәтерлі болғандай қуандым. Міне, видео-кеңесші бас-аяғы осы үрдістердің барлығы аяқталғанша клиенттің жанынан табылып, онлайн түрде барлық жұмыстың аяқталуына атсалысады”, – дейді маман. 

Осы орайда видео-кеңесшілерден жұмыс күндері 9:00-ден 19:00-ге дейін, сенбіде 10:00-ден 15:00-ге дейін консультация алуға болатынын атап өткен жөн. 

Айта кетсек, цифрлық ипотека іске қосылғалы бері Отбасы банкінен 8 миллиард теңгеден астам сомаға 398 азамат ипотека рәсімдеген. 

Талқылау