"1 миллион 200 мың теңге бердім": Қазақстандық тендер арқылы табыс табуға көмектесемін деп бір топ адамды тақырға отырғызып кеткен
Қазақстандықтар “тендер арқылы табыс табуға көмектесемін” деген азаматтың алдап кеткенін айтып, шағымын білдірді. Айтуларынша, оларға уәде берген адам мемлекеттік сатып алуға қатысудың қыр-сырын үйретіп, пайда түскенше қызмет көрсететінін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматылық Бақытжан мен Ержан мемлекеттік сатып алуға және тендерге кіру арқылы пайда табуды ұсынған адамды әлеуметтік желідегі жарнама арқылы тапқан. Оған 1 миллион 200 мың теңге төлеп, келісімшарт жасасқан.
“1 млн 200 мың теңге кіру ақысы деп тұр. Осыны төлегеннен кейін бізге ай сайын 700 мың теңге табасыңдар деді. Енді 700 мың теңге түгілі, дым жоқ. Өз басым 100 мың теңге минусқа кірдім. Келісімшартта оқытамыз, өзіміз қолдау білдіреміз деп жазылған.
Алматы қаласының тағы бір тұрғыны Бақытжан Райымқұловтың сөзінше, келісімшарт бойынша тендермен айналысатын командаға қосылғаннан кейін, атқарушы боласың депті.
“Атқарушы болып жұмысқа кіргенмін. Оған да тегін кірген жоқпыз. Ақша беріп кірдік. Уәде етілген нәрсенің барлығы аяғында жоққа шығарылды”, – деді тұрғын.
Белгілі болғандай, тендер арқылы ақша табуға көмектесетін азаматқа алматылықтар ғана емес, республиканың өзге тұрғындары да жүгініпті.
“Келісімшартта 1 млн 200 мың төлейтінім, айына 700 мың теңге пайда келмесе, ақшамды толық қайтаратыны жазылған. Сосын 400-500 мың тапсам, ол өзімде қалады деп келісілген. Сәуір айы бойы бір тиын таба алмадым”, – деді Қостанай қаласының тұрғыны Жұматай Есжанов.
Тағы бәр жәбірленушінің сөзінше, мемлекеттік сатып алуды үйретемін деген адам келісімшартта жоқ нәрселерді талап еткен.
“Күніне 40 өтініш жасадыңыз ба” деп сұрады. Мен “жоқ” дедім. Сосын ол: "Онда менен не сұрайсың? Шартты орындамасаңыз, қайдан жұмыс болады?" деді. Менімен жасаған келісімшартта ондай нәрсе жазылмаған. Күніне 40 өтініш жасау деген міндет көрсетілмегенін айттым. Содан кейін ол дөрекі сөйлей бастады. Мен ақшаны қайтаруды талап еттім. Ол қайтармаймын деді”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Азамат Дәкенов.
"Тендер игереміз деп, тақырға отырдық" дегендердің көбі құзырлы органдарға жүгіне бастады. Ал алматылықтар осыдан бір ай бұрын полицейлерге арыз қалдырған.
Шағымданушы тараптың бар талабы – құйған ақшаны қайтару. Олар заң жүзінде тиісті шара қабылдауды талап етіп отыр.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
