Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандықтар су тапшылығы мен тұрақсыз ауа райына дағдылануы керек": Сарапшылар жаһандық жылынуға байланысты дабыл қақты

Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігінің мультимедиялық баспасөз орталығында сарапшылар жаһандық климаттық өзгерістердің Қазақстанға әсері мәселелерін талқылады. Мамандардың айтуынша, ауа райындағы өзгерістер алдағы уақытта су тапшылығын тудырып, халықтың денсаулығы мен ел экономикасын үлкен ісерін тигізуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Қазгидромет" РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев Қазақстанда ауа температурасы әлемдік көрсеткіштерден екі есе жылдам көтеріліп жатқанын алға тартты. Оның үстіне республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде күн әлдеқайда ысыған.

"Ыстық күндердің ұзақтығы бойынша тұрақты тенденцияны атап өтеміз. Қыста, керісінше, теріс температура кезеңдерінің қысқаруы байқалады. Бұл ретте тәуліктік жауын-шашын мөлшерінің ұлғаюы байқалады. Яғни кейбір аймақтарда жауын-шашынның айлық нормасы бір тәулікте түсуі мүмкін. Сонымен бірге, мұндай төтенше ауа райы құбылыстарының жиілеуіне назар аудару қажет", - деп бөлісті Нұрлан Абаев.

Маман қазақстандықтардың тұрақсыз климатта өмір сүруге дағдылануы керек екенін алға тартты. Айтуынша, бұл халықтың денсаулығына да, ел экономикасына да әсер етеді. Себебі өзендерде судың аз болуы және мұның қанша уақытқа жалғасатынын ешкім болжай алмайды. 

"Бұрын күзде жауын-шашын мол болды. Қазір біз күзгі жауын-шашынның азайғанын байқап отырмыз. Сондықтан топырақ жеткілікті түрде ылғалданбаған. Бұл қар жеткілікті жауса да, өзендердегі ағын көбеймейтінін білдіреді. Сондықтан біз алдағы уақытта осыны ескеріп, күтілетін климаттық өзгерістерге бейімделуіміз керек. Қазақстандықтар су тапшылығы мен келеңсіз ауа райына дағдылануы керек", - деп қосты синоптик.

Маман мұздықтардың тарылуы мәселесін де атап өтті. Айтуынша, бұл ғасырдың ортасында өзен ағынының бұдан да көп төмендеуіне әкеліп соғады. Тіпті алдағы жылдары оңтүстік өңірлер халқының шамамен 20 пайызы солтүстік өңірлерге көшуге мәжбүр болуы мүмкін.

Парламент Мәжілісі Қоғамдық Палатасының сарапшысы Айжан Сқақова бұл мәселеге ғалымдарды тарту керек екені тілге тиек етті. Себебі бұл мәселеге "Қазгидромет" бір өзі төтеп бере алмайды.

Оның пайымдауынша, өңірлік деңгейде қаржы шығынын қажет етпейтін суды үнемдеу бағдарламаларын қабылдау қажет. Сонымен қатар, Сқақова су тарифтерін көтеруді танымал шара болмаса да, өте қажет деп есептейді. Өйткені халық суды үнемдеуге дағдыланбаған.

"Тұщы суды сақтау - Орталық Азияның барлық елдерін алаңдатып отырған маңызды мәселе. Уақыт өте келе суды өндіруге тура келеді. Қазірдің өзінде бұл бағытта зерттеулер жүргізу қажет", - деді Айжан Сқақова.

Сарапшы Қазақстанда су ресурстарын басқару мен ведомствоаралық үйлестіру деңгейін арттыру қажет екенін алға тартты. 

Сарапшылар алдағы жылдары суға байланысты жергілікті шекаралық қақтығыстар қаупін мойындайды. Бірақ, олардың пікірінше, мәселені Орталық Азия елдерімен бірлесіп шешу керек. 

Мамандар сонымен қатар климаттың өзгеруі тек жеке мемлекеттік органның ғана емес барлығынақатысты мәселе екенін еске салды. Сондықтан әр адам суды, электр қуатын үнемдеп және ағаш отырғызуға тырысуы керек.

Талқылау