Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Трек кодпен қадағалаудан қалдым": Қазақстандықтар шетелге сәлемдеме жібере алмай әлек

Қазақстандықтар шет мемлекеттерге сәлемдеме жібере алмай сарсаңға түсті. Айтуларынша сәлемдемелері діттеген жерге жетпей, Алматыдағы қоймада сақталып тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Өскемен қаласының тұрғыны шетелдегі қызына сәлемдеме жібере алмай жүргеніне 1 ай уақыт болғанын айтады. Әйелдің мәселені шешу үшін бармаған жері жоқ.

“3 қазан күні Мадридтегі қызыма сәлемдеме салып жібердім. Поштада маған қандай ақау барын ескертпеді. Сәлемдемені алып алды. Кейін заттарды трек код арқылы жеткізілгенін қадағалаудан қалдым. Бұған дейін мұндай мәселе болмаған”, – дейді Ольга Ушакова.

Осылайша көптеген қазақстандықтардың Еуропаға, Германияға және АҚШ-қа жіберген сәлемдемесі жетпей жатыр. Белгілі болғандай Қазақстаннан Еуропаға заттарды “Lufthanca” әуе компаниясы тасымалдайды. Әуе компанияның өкілдері қаңтардан қарашаға дейін әр ай сайын заттарды келісімшартта көрсетілгеннен 154%-ға көп тасымалдағандарын айтады. Заттардың көптігінен бортта орын болмайтын көрінеді. 

“Біз пошта жөнелтілімдерін LN әуе компаниясының рейстеріне мүмкіндігінше көп қабылдауға тырысамыз. Бірақ өкінішке орай жүк тиеу лимитінің асып кетуіне, жолаушылардың, багаж бен арнайы контейнерлер санының көптігіне байланысты сәлемдемелер бортқа қабылданбайды”, – дейді LUFTHANSA CARGO өкілі Ринат Құдайбердин.

“Қазпочтаның” мәлімдеуінше, жүктердің жиналып қалуына әуе тасымалдаушының жұмыс кестесінің маусымдық өзгеруі себеп болып отыр. Сондай-ақ рейстер айтарлықтай қысқарған. Қазір қосымша рейстер қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Жауапты тұлғалар бұл мәселені 15 күн ішінде шешіп беруге уәде етті. 

“Халықаралық департаментіндегі әріптестеріміз бұл мәселенің альтернативтік шешімін қарастырып жатыр. Қазіргі кезде “Turkish Airlines” әуе компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр. Олар да бізбен жұмыс істеуге дайын. Келісімшартты дайындап жатырмыз”, – дейді “Қазпочта” АҚ баспасөз қызметінің басшысы Болат Бұхарбай.

Бұл ретте сәлемдеме жіберушілер мен қабылдаушылар залал келтіргені үшін өтемақы талап етіп, сотқа дейін баруға дайын.

Талқылау