Қазақстандықтар орта есеппен айына 423 мың теңге жалақы алады
Фото: Stan.kz
Ұлттық статистика бюросы өкілдері Қазақстандағы жалақы бойынша осы жылдың бірінші тоқсанына арналған деректерді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Статистика бюросы ұсынған дерекке сүйенсек, 2025 жылғы I тоқсанда бағалау бойынша жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 300 307 теңге болған. Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы атаулы жалақының орташа мәні 2025 жылғы I тоқсанда 423 133 теңге болды, бұл былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 10,7% артық.
“2024 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсімі ақпарат және байланыс – 31,3%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 17,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 16,1% салаларында байқалды. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 6,2%, білім беруде орташа айлық жалақы көлемі 6,1% өсті”, – делінген Ұлттық статистика бюросы хабарламасында.
Өңірлік бөліністе 2024 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2025 жылдың I тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Ұлытау облысында –19,4%, Қостанай облысында – 14,6%, Алматы қаласында – 14,2% және Павлодар облысында 13,5% тіркелген.
Айта кетсек, жалақаның медианалық мәнін есептегенде барлық жұмысшыларды екі тең топқа бөледі. Сонда жартысы сол сомадан аз, қалғаны одан көптеу алады. Ал ең жоғары және ең төмен жалақылар ескерілмейді.
Ал жалақының орташа мөлшерін шығарғанда әрбір қызметкердің жалақысынан бөлек қосымша ақылары, үстемеақылары, сыйақылары, салықтары мен зейнетақы аударымдары есепке алынады. Сосын қызметкерлердің нақты санына бөлінеді.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
