Қазақстандықтар Мысыр мен БАӘ жолдамаларынан бас тарта бастады: Туроператорлар қымбатшылыққа алаңдаулы
Фото: pixabay.com
Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс ушығып кеткен соң, көптеген қазақстандық жазғы демалыс жоспарларын қайта қарап жатыр. Египет, Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар бағыттарына сұраныс азайған. Туристер рейстердің кідірісіне және аймақтағы жалпы тұрақсыздыққа алаңдаулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әдеттегідей, жағдай күрделі, бірақ біржақты емес. Сұраныс төмендегендіктен, кейбір бағыттарда тур бағасы 30-40%-ға арзандаған. Саяси жағдайға аса мән бермейтіндер тиімді бағадағы “жанып тұрған” жолдамаларды сатып алуға асығып жатыр.
"Бағалар төмендеді, ал кей адамдар қорықпай, бұрынғыша турларды еркін сатып алып жатыр", – дейді Қарағандыдағы туристік агенттік басшысы Светлана Нечаева.
Алайда “Туристік Қамқор” қорының төрайымы Инна Рейдің айтуынша, қазір туризм саласында жалпы көңіл күй алаңдатарлық. Мәселе тек геосаяси ахуалда емес, логистикада да жатыр. Кейбір әуе компаниялары Иран мен Ирактың әуе кеңістігін айналып өтуді жөн көріп отыр. Бұл өз кезегінде ұшу уақытының ұзарып, билет бағасының қымбаттауына алып келеді.
Бұған қоса, экономикалық қиындықтар да әсер етіп, теңгенің долларға шаққандағы бағамы күрт төмендеді. Туроператорлар жолдамаларды теңгемен сатады, алайда шетелдік әріптестерімен есеп айырысу шетел валютасымен жүреді. Сондықтан валюта бағамы өссе, тур бағасы да қымбаттай түседі.
"Клиенттен ақша алынғанымен, тур әлі сатып алынбаса, агенттік шығынға ұшырауы мүмкін. Бұл өте жағымсыз жағдай", – деді Инна Рей.
Кейбір туристер Дубай мен Абу-Дабиге сапардан бас тартып жатыр. Дегенмен, маңыздысы БАӘ, Мысыр және Катар үстіндегі әуе кеңістігі жабылған жоқ. Ұшақтар кешіксе де, әлі де қатынап жатыр.
Қысқаша айтқанда, аймақтағы тұрақсыз ахуал, ұзақ жол және теңгенің әлсіреуі жазғы демалысты бұрынғыдай болжамды ете алмай отыр. Бірі сапардан бас тартса, енді бірі арзандаған турларды пайдалануда. Ал туристік агенттіктер үшін бұл маусым оңай болмайтын түрі бар.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағындағы нысандарға соққы жасады. Тегеранда жарылыстар естілді, ал Израиль жауап ретінде төтенше жағдай енгізіп, әуе кеңістігін толықтай жапты. Сонымен қатар 300 қазақстандық Израиль-Иран қақтығысына байланысты БАӘ-де қалып қойғанын жазған едік. Айбек Смадияров азаматтарымыздың арасында қаза болғандар мен жараланғандар жоқ екенін айтты. Министрлік өкілі Иран мен Израильдегі Қазақстан азаматтарын күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

"Насыбай секілді жиіркенішті заттардың қалдықтары жатыр": Сайран жағалауын қоқыстан тазартқан жігіт желіде мақтау жинады
