Қазақстандықтар көзі тірісінде донор болудан бас тартпаса, қайтыс болған соң органдары автоматты түрде алынуы мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі марқұмдардың ағзаларын алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Оған сәйкес елімізде әр адам eGov порталы арқылы бас тартқанға дейін әлеуеттік донор қатарында болады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Нақтырақ айтсақ, рұқсат сұрау түсінігін жойып, "үнсіз қалғаны – келіскені" ұғымын енгізбек. Бұдан былай хәл үстінде жатқан азаматтың электрондық үкімет порталында дене мүшелерін пайдалануға қатысты пікірі болмаса, органы реципиентке ауыстырылады.
Қазақстанда қайтыс болғандардың органдарын пайдалануға рұқсат алу тәртібі өзгертілгелі жатыр. Енді көзі тірісінде қандай да бір дене мүшесін беруден бас тартпаған адамның бәрі донор санатында болады. Мәселен, бұған дейін науқасқа "ми өлімі" диагнозы қойылса, дәрігерлер "eGov" порталынан марқұмның донорлыққа қатысты пікірін іздейтін. Себебі кәмелет жасына толған әр азамат порталда келісетініне не келіспейтініне қатысты ақпарат қалдыратын. Егер болмаса ақ халаттылар туыстарымен келіссөз жүргізуге кіріседі.
Бірақ көп жағдайда сырқаттың жақындары туыстарының органын беруге қарсы шығады. Алайда мамандар мұның дұрыс тәжірибе емес екенін айтады. Өйткені донор бола ма, жоқ па, ол – әр адамның жеке таңдауы. Түзетулердің негізгі себебі де сол. Демек eGov-та пікірі болмаса, автоматты түрде донор атанады. Ал алматылықтар адам пікірін көзі тірісінде сұрау керек деп отыр.
- Елімізде донорға зәру науқастардың 70%-ы кезегі жетпей, қаза табады
- Алматыда адамның ішкі органдарын алып-сатумен айналысқан 22 адам ұсталды
- Дәрігер науқастардың бүйрегін қалталы клиенттерге трансплантациялау үшін кесіп алған
Енді кім үзілді-кесілді қарсы, бас тартуға тиіс. Ал басқалары әлеуетті донор, яғни министрлік, азаматтардың донорлыққа келісімін сұрап жатпайды.
“Ешқандай туысқандарымен сөйлесу болмау керек негізі. Ондай тәртіп ешқайда осы әлемде тәртіп жоқ. Өлім жағдайында донор болғысы келе ме, жоқ па екен сондай ақпаратты қалдыру керек. Егер, ондай ақпарат болмаса, онда келісті деген не болады, шешім қабылданады”, – дейді республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Сәуле Шайсұлтанова.
Ал өтінішті рәсімдеу тіпті оңай. Бар болғаны, электрондық үкімет порталына кіріп, таңдау жасайсыз. Яғни, алдымен "Дансаулық сақтау" бөліміне, кейін оң жақ бұрыштағы "Трансплантаттау мақсатында ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу" бөліміне өтесіз. Сосын, "онлайн сұрау" батырмасын басып, екі нұсқаның бірін таңдайсыз. Пікіріңізді, электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітесіз.
Мамандар бір донор 4 адамнан 7 адамға дейін құтқара алады деп отыр. Ал соңғы 10 жыл ішінде 110 адам мәйіттік донор болуға келісім берген екен. Бұған дейін 450 орган ауыстырылған. Бұл 450 кісі екінші мүмкіндік алды деген сөз. Әрі әр органның консервациялаудан кейінгі жарамдылық мерзімі болады, дейді мамандар. Оған сәйкес бүйрек 24 сағат, бауыр 12, жүрек және өкпе 6 сағатқа шыдайды екен.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да трасплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстыруға рұқсат етіледі деп пікір білдіріп отыр.