Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар киіз үйді еліміздің басты символы деп таныды

Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай еліміздің болмысын сипаттайтын басты символды анықтады. Онлайн дауыс беру нәтижесінде қазақстандықтар киіз үйді еліміздің басты символы деп таныды. Сонымен қатар Алтын адам мен қыран құс та Қазақстанның болмысын көрсететін нышан ретінде таңдалған. 

Сурет: istockphoto.com

Сауалнамаға еліміздің әр аймағынан 2 000-нан астам адам қатысты. Жауап ретінде алынған нұсқалардың арасында тарихи, мәдени, архитектуралық және табиғи нысандар таңдалды. Атап айтсақ, жауаптардың арасында қазақтың ұлттық тағамы – бесбармақ, Астанадағы Бәйтерек монументі, Шарын шатқалы, Бурабай ұлттық паркі, Байқоңыр мен апорт алмасы да болды. Жалпы алғанда қатысушыларға 15 нұсқа арасынан бір жауапты таңдау мүмкіндігі берілді. 

Қатысушылар Қазақстанның ресми мемлекеттік рәміздерінен бөлек, елдің символы ретінде киіз үйді таниды, мұндай жауапты барлығы 591 адам таңдаған. Мұнымен қоса ең көп таңдалған жауаптардың арасында Алтын адам (294 дауыс), бүркіт (262 дауыс) және Қожа Ахмет Яссауи кесенесі (258 дауыс) де бар. 

"Stan.kz ақпарат агенттігі сауалнамаға белсенді қатысқан әрбір оқырманға алғыс білдіреді. Әрине, еліміздің бірегейлігі мен болмысын бір ғана сөзбен сипаттау мүмкін емес. Дегенмен біз қатысушылардың жауабының арқасында Қазақстан десе олардың көз алдына алғашқы кезекте не келетінін аңғара алдық. Осы бір сауалнама нәтижесі еліміздің мәдени мұрасы мен байлығының алуан түрлі екенін және олардың барлығы әрбірімізге мақтаныш сезімін сыйлайтынын дәлелдейді", - дейді Stan.kz ақпарат агенттігінің PR және даму жөніндегі атқарушы директоры Дидар Халық. 

Сауалнама нәтижелері еліміздің мәдениеті пен тарихының қандай нышандары қазақстандықтар үшін ең маңызды екенін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ақпарат агенттігі 2023 жылы көп талқыланған "жыл сөзін" анықтауда.  

Талқылау