Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар "керек затты бөліп төлеп аламын" деп тауарды ортақ құнынан қымбатқа сатып алып жүр

Фото: Freepik.com

Қаржыгер “затты бөліп-төлеу арқылы сатып алсам, оған пайыздық үстеме қосылмайды" деп ойлайтын тұтынушылардың қатты қателесетінін айтты. Себебі Ұлттық банк бөліп төлеу жүйесі де несиеге жататын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Мамандар тауарды бөліп төлеу арқылы сатып алу дегеніміз алған тауарыңызды ортақ құнынан қымбат бағада сатып аласыз деген сөз екенін айтты. Сондықтан мамандар енді саудагерлер мен банктерден бұл тетіктің бүге-шүгесін ашық көрсетуді талап етіп отыр.

“Пайызсыз, комиссиясыз” деп жарнамалайтын дүкендер шын мәнінде тауар бағасына банк сыйақысы мен өз үстемесін қосып жіберетін көрінеді. Сондықтан бөліп төлейсіз деген жазудың астарында шын мәнінде артық төленген ақша тұрады. Мұны халық та растайды.

Астаналық Жанар Бейсенбаева бір кездері кез келген керек затын бөліп төлеумен алған. Тіпті ай сайынғы төлемі 500 мың теңгеге жеткен кездері болыпты. Кейін қарызын уақытында өтей алмай, “қара тізімге” еніп кеткен. Ал қазір тек өзі емес, жақындарының да дәл осындай қиындыққа тап болып жүргенін айтты.

“Інілерімнен де көріп жүрмін ғой. Көрсеқызарлықпен алып алады. Кейін оны төлей алмайды. Сабағына бара алмайды. Қосымша жұмыс жасап жүреді”, – дейді Жанар Бейсенбаева.

Ал Астана тұрғындарының айтуынша, сатушылар бөліп төлеуді пайданың бір көзіне айналдырып алған. Смартфон немесе тоңазытқышты бөліп төлеу арқылы емес, қолма қол ақшаға алсаңыз 50-100 мың теңгеге арзан болуы мүмкін екен. Өйткені сатушы “пайызсыз” деп көрсеткенімен, жасырын пайданы тауар бағасына қосып қояды.


Қазақстандық миллионға несиеге массаж құрылғысын сатып алып, кейін оның 60 мың теңге тұратынын білді


"Дүкендер жоғалып кетті": Kaspi Магазин арқылы тауарға тапсырыс берген қазақстандықтар алаяқтарға алданып қалған


Мамандардың сөзінше, мұндай жүйемен күресу үшін бірінші кезекте қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Екіншіден, мемлекет нақты табыс өсімін қамтамасыз етуге күш салуы керек. 

“Бөліп төлеумен күресудің бір ғана жолы бар. Ол ұзақ мерзімде халықтың табысын арттыру және номиналды негізде емес, нақты негізде. Халықтың табысының өсімі инфляция темпіне қарағанда жоғары болуға тиіс. Егерде бұл жағдай орындалмайтын болса, бөліп төлеу атты құбылыс жылдан жылға арта бермек”, – дейді қаржыгер Қажыгелді Шамбыл.

Ал Ұлттық банк пен Сауда министрлігі енді сатушыларды бөліп төлеуге қатысты барлық ақпаратты ашық көрсетуге міндеттемек. Бұдан былай “пайызсыз” делінген әрбір ұсыныстың нақты есеп-қисабы болуға тиіс. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті болса “бөліп алған тауар қайтарылмайды” деген шарттардың заңсыз екенін де ескертті.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 08:32
Талқылау