МӘМС-ке жарна төлемейтін қазақстандықтарға тегін тексеруден өтуге рұқсат берілді: Оларға қандай медициналық скрининг түрлері қолжетімді?
Қазақстандықтар медициналық сақтандыруы болса да, болмаса да бірнеше скринингтен тегін өтуге құқылы. Stan.kz тілшісі денсаулық сақтау министрлігінен қолжетімді скринингтер тізімін сұрап білді.
Фото: Pexels.com
Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, бас онколог Диляра Қайдарова Тимур Балымбетовке берген сұхбатында қазақстандықтар қауіпті ауруларға қатысты тегін тексеріле алатынын айтқан еді. Осы тұста денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті бұған қандай скринингтер кіретінін мәлімдеді.
"Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы" бұйрыққа сәйкес, белгіленген жас бойынша ерлер мен әйелдер скринингтік зерттеуден өтеді”, – делінген хабарламада.
Медициналық сақтандыруына қарамастан, қолжетімді скринингтер:
- Артериялық гипертензия
- Жүректің ишемиялық ауру
- Қант диабеті
- Глаукома
- Сүт безінің қатерлі ісігі
- Жатыр мойны обыры
- Колоректальды обыр
Артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын, глаукоманы анықтау бойынша скринингтен 30-дан 70 жасқа дейінгі қазақстандықтар 2 жылда 1 рет өте алады. Қант диабетіне скринингтік зерттеу де 30-70 жастағы халық арасында өткізіледі. Алайда оның белгілі бір мерзімі мен кезеңдері жоқ.
Тоқ ішек және тік ішектің қатерлі ісігі бойынша скринингті 50-70 жастағы қарт адамдар 2 жылда 1 рет өтеді.
Әйелдер үшін:
- Сүт безінің қатерлі ісігі – 40-70 жас аралығында 2 жылда 1 рет,
- Жатыр мойнының қатерлі ісігі – 30-70 жасқа дейін 4 жылда 1 рет.
Еске салсақ, елімізде онкоскрининг барлық азаматтарға тегін болады делінген еді.