Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар ет жеуді азайтыпты

Қазақстандықтар ет жеуді азайтыпты. Өйткені еттің бағасы апта сайын өсіп жатыр. Құны шарықтай беретін өнімді алуға халықтың қалтасы көтермей барады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Биыл еттің бағасы апта сайын аспандап барады. Мәселен Павлодарда сиыр еті – 2500 теңге, жылқы еті 3000 теңге, қой еті 2600 теңге көлемінде. Шығыс Қазақстанда да ет шарықтап тұр. Ақтөбедегі нарық Шығыспен шамалас болса, қымбатшылықтан топ жарып тұрған Шымкент екен. Мұнда еттің құны тіпті 3 мың теңгеден асып жығылады.

"Өткенде екі апта бұрын қосылған 50 теңге. Кеше тағы 50 теңге қосылды. Сол жем-шөп жоқ. Бордақылау қиын. Сумен тұрмайды ғой, жем-шөп жейді. Қымбаттаған нәрсе арзандау қиын болады негізі", – деді сатушы Гүлнәр Жұманова.

Қымбаттаған баға қара халықтың қалтасын қағып жатыр дейді жұртшылық. Ел тұрғындары тіпті етті сирек жеуге көшкен.

Халықтың ет жеуді азайта бастағанын мамандар да растайды. Ауылшаруашылығының өкілдері адам басына әр түрлі етті тұтынудың орта көрсеткіші жылына 40 келі болуы керек дейді. Бірақ статистикадан шымкенттіктердің тұтыну шамасы 2 есеге дейін төмендеп кеткенін байқауға болады 

"Жетіспеушілік бар, қалада. Өйткені мегаполис қалада халық көп, жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мал шаруашылығына бөлінген жер қысқарып келеді. Бізде мал азығын дайындайтын жер көлемі азаяды, суармалы жеріміз азайып келеді", – деді Шымкент қаласы Ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Тоғайұлы.

Бұған қоса, биылғы қуаңшылық та мал азығының азаюына әкеп соққанын айтады. Оның үстіне жанармай бағасының да күрт көтерілуі жығылған үстіне жұдырық дейді жауаптылар. 
Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде бір бума шөптің бағасы 1200 теңгені құрап отыр екен. Бұл – алғашқы орымның нарқы. Ал, күзге қарай, бума шөптің құны 2000 теңгеге көтеріліп кетуі ықтимал деген болжам айтуда. Осыны ескерсек, алдағы уақытта еттің бағасы төмендемек түгілі, керісінше, аспандап кетуі әбден мүмкін дейді жауаптылар.

Талқылау