Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар енді автокөліктерді лизингке сатып ала алады

Фото: istockphoto.com

Қазақстандықтар автокөліктерді лизинг арқылы сатып ала алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда ережелеріне өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Құжатта қазақстандықтарға автокөліктерді лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігі берілетіні айтылған.

Келісімшарт типтік нысанда жасалады. Сонымен қатар кейіннен сатып алу құқығын көздейтін жалға алу тәртібі бұрын пайдаланылған автокөліктерге қолданылмайды. Яғни, азаматтар жүрілген автокөліктерді лизинг арқылы сатып ала алмайды.

“Аталған жүйені іске асыру азаматтар үшін автокөліктердің қолжетімділігін арттыруға, ішкі автолизинг нарығын дамытуға және бәсекелестікті нығайтуға қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 2 қарашаға дейін жалғасады.

Айта кетейік, автокөлікті лизингке сатып алу – бұл көлікті бірден толық сомасына сатып алмай, белгілі бір мерзімге жалға алып, кейін оны өз меншігіне өткізуге мүмкіндік беретін қаржылық құрал. Басқаша айтқанда, азамат лизинг берушімен (мысалы, банк немесе қаржы компаниясы) шарт жасасып, көлікті пайдаланады және ай сайын белгіленген төлемдерді төлейді. Мерзім аяқталған соң, барлық төлемдер толық өтелген жағдайда автокөлік лизинг алушының меншігіне өтеді.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға пәтерлер мен көліктерді лизингке сатып алуға мүмкіндік беру мәселесі қаралған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 18:35
Талқылау