Қазақстандықтар ұялы байланыс тарифтерінің тағы қымбаттағанын айтып шағымдануда

Фото: depositphotos.com
Әлеуметтік желіде қолданушылар Altel және Beeline мобильді операторларының тарифтерінің қымбаттайтынын айтып, шағымданып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абоненттердің айтуынша, Altel-дің ең танымал тарифтерінің бірі шамамен бір жарым есеге қымбаттамақ.
11 қарашадан бастап “Ерекше” тарифінің 2 990 теңгеден 4 390 теңгеге дейін қымбаттайтыны белгілі болды. Алайда, тариф аясында берілетін гигабайттар мен қоңыраулар көлемі де ұлғаятын көрінеді.
“Алтел танымал тарифінің бағасын 100 пайызға өсірген”, “Тура осы тариф бойынша бағаның өскеніне бес ай болды” – деп жазды желідегілер.
Тарифтің қымбатттауын Altel компаниясының баспасөз қызметі түсіндірді.
“Ерекше 2990” тарифі бойынша шарттардың өзгеруі желілерді дамыту мен жаңғыртуға, оларды күтіп ұстау мен жөндеуге кететін шығындардың, сондай-ақ жабдықтардың бағасының өсуімен байланысты. Абоненттік төлемнің қайта қаралуы сервистердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жоғары сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Өзгерістерден кейін клиенттерге қосымша ресурстар қолжетімді болады. Тарифтік жоспардың жаңа атауы – "SuperSMART". Тариф қосымша 23 ГБ интернет, 20 минут қоңырау және қосымша 300 SMS жолдау мүмкіндігін береді. Енді бұл тариф бойынша клиенттерге 50 ГБ және 120 минут қолжетімді”, – делінген ақпаратта.

Фото: Әлеуметтік желіден
Beeline клиенттері де үй интернетінің бағасы өскеніне шағымдануда. Олардың айтуынша, үш жыл бұрын тариф 5 500 теңге болса, желтоқсаннан бастап 21 500 теңгеге дейін өседі.
“Үш жыл бұрын бұл тарифті 5 500 теңгеге қосқанмын, кейін 8 590 теңгеге көтерді. Бәрі қымбаттап жатыр ғой, жарайды, ешнәрсе етпес дедім. Кейін тағы 11 590 теңгеге дейін өсті. Менің ойымша, бұл интернет үшін шекті баға еді, бірақ желтоқсаннан бастап 21 500 теңге болады”, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Beeline компаниясы бұл шағымға тез арада жауап берді. Компания өкілдерінің айтуынша, кейбір клиенттерде “Үйдегі интернет” бойынша абоненттік төлем мөлшері дұрыс көрсетілмеуі мүмкін. Бұл жағдайды жақын уақытта түзетуге уәде берілді.
Еске салсақ, осыған дейін қосылған құн салығының көтерілуіне байланысты ұялы байланыс тарифтері 20% қымбаттайтынын жазғанбыз.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік