Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар азық-түлік бағасының өскеніне шағымдануда: Сауда министрлігі түсіндірді

Сауда және интеграция министрлігі елдегі азық-түлік бағасының өсу фактілері мен тұрғындардың жағдайдың одан әрі нашарлап кете ме деп қауіптенуіне жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қазақстан өзін-өзі азық-түлік тауарларымен толықтай қамтамасыз етеді. Импортқа тәуелді азық-түлікті (қант, тауық еті, сүзбе) қоса алғанда, барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша айтарлықтай қорлар бар", –  делінген сауда министрлігінің хабарламасында.

Тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақтаулы тұр, оның ішінде: ұн, қант, макарон, күріш және тағы басқа көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасалған. 

24 ақпандағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна азық-түлік сақталған, оның ішінде ұн – 11,5 мың тонна, қант – 3,8 мың тонна, макарон – 1,5 мың тонна, күріш – 0,8 мың тонна. Шамамен 124,5 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуге, оның ішінде 45,7 мың тонна картоп, 12,5 мың тонна пияз, 13,2 мың тонна сәбіз жеткізуге форвардтық шарттар жасалды.

Сауда желілері одағының деректері бойынша, ритейлерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорымен кем дегенде 30 күнге қамтамасыз етілген. Бұл қорлар қол қойылған келісімшарттар есебінен, оның ішінде айналым схемасы шеңберінде қалыптасады. Яғни, тауарлар ең төменгі сауда үстемесімен белгіленген бағамен сатылады.

"Үй жанындағы дүкендерде бағаны көтеру фактілері байқалады. Ол көтерме сатушылардың азық-түлік бағасын алып-сатарлық жолмен арттыру жағдайларымен байланысты. Алып-сатарлықтың алдын алу үшін әкімдіктер қазір сауда-саттыққа қатысушылармен жұмыс жүргізіп жатыр", –  деді министрлік қызметкерлері.

Сауда үстемелері мен ретро-бонустарды әкімшілендіруді және мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ шекті бағаларды уақтылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Әкімдіктер тарапынан 15%-тен аспайтын мөлшерде сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына және сауда желілерінің сыйақы алуына жол бермеуге күшейтілген мониторинг пен бақылау жүргізіледі.

Осы бағыт бойынша әрбір сауда нүктесін бақылау үшін жұртшылық тартылады.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2024 жылға дейінгі жоспар әзірленді.

Осы жоспарды іске асыру аясында өз өндірісі есебінен ішкі тұтынуды 100% қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 02 Наурыз, 2022 10:21
Талқылау