Қазақстандықтар 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күнін атап өтеді
Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні тойланады. Биыл мереке 8 қыркүйекке түсіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясы қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған. 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтеді. Әр күн арнайы тақырыпқа арналады.
2 қыркүйек – отбасылық дәстүрлер: тарихымызды сақтаймыз, болашақты құрамыз;
3 қыркүйек – отбасын жоспарлау, репродуктивті денсаулық;
4 қыркүйек – саналы түрде ата-ана болу;
5 қыркүйек – дені сау ұрпақ;
6 қыркүйек – мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі;
7 қыркүйек – отбасылық әл-ауқат;
8 қыркүйек – отбасылық демалыс: бақытты болашаққа инвестиция.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мұндай форматтың мерекені кең ауқымда өткізуге және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Бүгінде отбасы мен некенің жағымды имиджін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, балаларының қарт ата-аналарына қамқорлық жасауы – ұлттық маңызы бар міндеттер", - деді Евгений Кочетов.