Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Цой: Қазақстандықтар коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналистердің "Қазақстандықтардың вакцинаны таңдауға мүмкіндігі бола ма" деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қазір елімізге вакцина алып келу мәселесі қарастырылып жатыр. Егер вакцинаның қауіпсіз екені дәлелденсе, вакцинаны сатуға рұқсат етілетінін айтты министр. Алайда, қазір әлемдік зауыттар көп мөлшерде вакцина шығаруға шамасы жетпейтінін де түсіндірді ол. 

"Барлығы компаниялардың біздің нарыққа вакцинаны алып келуге келісім беруіне тікелей байланысты. Қазір барлық вакцина жеткізушілердің қауіпсіздік талаптарына сай болуы маңызды. Қазір вакцина жеткізушілердің барлығын біздің нарыққа шақырып жатырмыз. Олар вакциналарын тіркеп, сапа тексеруінен өткізуі керек. Біз үшін де бұл маңызды мәселелердің бірі. Әлемде вакцина шығаратын зауыттардың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, бұл мәселе әлі нақтыланған жоқ", - дейді Цой.  

Министр вирус жұқтыру қаупі жоғарғы топқа вакцина тегін берілетінін түсіндірді. 

"Вирус жұқтыру қаупі жоғары адамдарға мемлекет тарапынан вакцина берілетін болады. Ал қалған адамдар өз қалауларына байланысты вакцина салдырады. Біз вакцинаның қазақстандық нарықта қол жетімді болуын қамтамасыз етеміз. Вакцинаны адамдар сатып алып салғыза алады", - дейді Цой. 

Сонымен қатар министр отандық вакциналарға қатысты пікір білдірді. 

"Басқа вакциналарға келетін болсақ, біз қазақстандық вакцинаға үлкен үміт артамыз, ол желтоқсан айында клиникалық зерттеулердің екінші кезеңінен өтті. Нәтижелер туралы міндетті түрде хабарлайтын боламыз", - дейді Цой. 

Талқылау