Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онлайн сабақтар оффлайнға қарағанда қымбатқа түседі": Отандық ЖОО-лар 2020-2021 оқу жылына қандай баға қоятынын айтты

2020-2021 оқу жылы басталуға шақ қалды. Жақында Білім және ғылым министрінің БАҚ және қоғаммен байланыс бойынша кеңесшісі Ерболат Мұхаметжан еліміздегі ЖОО-ның орташа құны 350-420 мың теңгені құрайтынын айтып, биылғы жылы керісінше оқу ақысының арзандағанын мәлімдеді. Қашықтан оқу кезінде көп университет шығыны азайса, сәйкесінше оқу ақысы да төмендеуі тиіс дейіндер бар. Алайда еліміздің бірқатар университеті қашықтан оқудың да шығыны көп дейді. Stan.kz редакциясы бірнеше университеттің қашықтан оқуға дайындығын сұрап білді. 

ҚР Ғылым және Білім министрлігі 2018 жылдан бастан қазақстандық ЖОО-ларға дербестік бергендігін айтады. Осы орайда, сол уақыттан бері оқудың ақысына қатысты мәселелерді тек университет басшылығы ғана шешеді, дейді министрлік.

Елімізде 131 ЖОО болса, олардың көбі - жекеменшік, яғни нарықтың ыңғайына қарай жұмыс істейді. Бірқатар жекеменшік университеттер биылғы оқу жылының ақысын көтермейтінін айтады. КИМЭП, ҚРМУ, AlmaU, ҚНУ, Тұран университеттері қашықтан оқуға дайындығы мен оқу ақысын қалай бағамдайтынын айтты.

ҚР ЖОО-лар ассоциациясының президенті, "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов оқу бағасын бағамдағанда халықтың жағдайына қарау керек дейді. 

"Мемлекет гранттар көлемін 1 млн теңгеге көтерді. Министр оқу орындары бағаны өздерің белгілеңдер деп, мәселені өзімізге шешуді тапсырды. Халықтың жағдайы мүшкіл, көп кәсіпорын жұмыс істемей қалды. Сұраныс төмендеп, табыс көзі де азайды. Осы орайда министр жағдайды ескеруді сұрады. Қашықтан оқытып жатқандықтан, "оқу орындарының шығыны аз, сондықтан оқу ақысын төмендетіңдер" деген дискуссия болды.

Алайда соның өзінде мұғалімдерді қысқартпаңдар, жалақыларын төмендетпеңдер деп те айтып жатыр. Мысалы, Тұран университетінде мың адам жұмыс істейді. Бәрінің бастарында несиелері бар, бала-шағасы бар дегендей. Дегенмен ректорлардың кездесуінде оқу орындары бағаны өсірмейміз деп келісіп отырмыз, - дейді ол. 

"Тұран университетінде бір жыл сайын 200-300 грант береміз. Оқу оқысы 900 000 теңге бола тұра, жыл сайын 2-3 млн теңге грантқа бөлу оңай болмаса да, соған барып жатырмыз", - дейді университет ректоры. 

Оқу ақысының көтерілуіне басты себеп болатын факторлардың қатарына ректор мұғалімдер жалақысын өсіру, коммуналдық шығындар өсуін жатқызды. Қашықтан оқуды құрал ретінде қолдануға болады. Ал жалпы еліміз қазіргі уақытта толықтай қашықтан оқуға дайын емес, дейді Рахман Алшанов.

Ал еліміздегі оқу ақысы ең қымбат жекеменшік университеттердің бірі КИМЭП оқу бағасын жыл сайын арттырса да, биыл бірқатар өзгерістер бар екенін айтады.

"ҚМЭБИ 2020-2021 академиялық жылы оқу құнын көтермейді, сонымен бірге біздің студенттерге бірегей оқу тәжірибесін беретін халықаралық профессорлық-оқытушылар құрамына инвестиция салуды жалғастыруда", - деді университет әкімшілігінде.

Университет мәліметтеріне сәйкес, 2020-2021 академиялық жылға бір стандартты пән (2019-2020 оқу жылы) 240 507 теңге. Студенттер жылына өз оқу траекториясына байланысты 10-нан 12 пәнге дейін оқиды. Магистр дәрежесін алу үшін 48 пәнді үйрену керек. Егер студент жылына 12 пәннен оқыса, онда ЖОО-ны 4 жыл ішінде аяқтайды. Осылайша, оқу жылы 240 507 х 12 = 2 886 084 теңге тұрады. Бұл соманы алты тең бөлікпен бөліп төлеуге болады.

Университетте оқу бюджетін бюджет комитеті анықтайды, ол 3 оқытушыдан, 3 қызметкерден және 4 студенттен тұрады. 

"Жыл сайын олар бюджетті анықтайды және инфляция деңгейіне сәйкес келетін оқу ақысын арттыруды ұсынады", - дейді ЖОО әкімшілігінде.

Одан бөлек, КИМЭП келер академиялық жылы бакалавриат және магистратура бағдарламасына түскен студенттерге толық және ішінара гранттар ұсынады.

"Мысалы, 2019-2020 аккадемиялық жылы барлығы 676: бакалавриат бағдарламасына 504 грант және 172 грант магистратураға бөлінді. Іс жүзінде берілгендері 484 грант болды. Бұл деректер барлық гранттарды, соның ішінде өткен жылдары ұсынылған 4 жылдық гранттарды және демеушілік гранттарды қамтиды", - делінеді университет жауабында.

Барлық гранттар бекітілген өлшемдерге сәйкес конкурстық негізде бөлінеді. Бөлу кезінде студенттің академиялық үлгерімі, сондай-ақ соңғы бірнеше жылдағы халықаралық және ұлттық деңгейдегі академиялық жетістіктері ескеріледі.

Белсенді студенттердің жалпы санынан әрбір бесінші студент КИМЭП университетінің немесе демеуші грантын алған.

Сондай-ақ, КИМЭП студенттерге аптасына 20 сағат кампуста жарты күн ассистент ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Ал Қазақстан-Неміс Универсиеті осы жылына оқу ақысы көтерілмейтінін айтады.

"Биыл оқу ақысы орташа есеппен 800 000 теңгені құраса, биыл да осы баға сақталады. Сондай-ақ университетте бірқатар ішкі гранттар бар", - деді университет әкімшілігінде.

Еліміздің тағы бір танымал жекеменшік университеті Almaty Management University биылғы жылы оқу құнын  былтырғы (2019-2020 оқу жылының) бағасымен қалдыру туралы шешім бірнеше себептерге байланысты болғанын айтады. Айтуларынша, әдетте жыл сайын баға көтеріліп отыратын.

Бұл шешімнің қабылдануының бірінші себебі - білім беру нәтижесі мен оқу бағдарламасының өзгермеуі, дейді университет басшылығы.

Университет басшылығы онлайн форматтағы оқу білім құнын төмендетеді дегенмен келіспейтінін жеткізді. Бұл оқу ақысының өзгермеуінің тағы бір себебі.

"Егер, мысалы, сабақ алдын-ала жазылған видео арқылы жүргізілсе, сабақ барысында интерактив болмайды. Бұл қашықтан оқыту курстарына қатысты.

Қыркүйектен бастап қашықтан оқытуға ғана емес, нақты уақыт режимінде онлайн оқытуға көшеміз. Біз стриминг-сервистерді (ағындық онлайн-хабар тарату) пайдаланамыз, жаңа серверлік қуаттарды сатып алып, байланыс арналарын кеңейтеміз және онлайн-форматты ұйымдастыру оффлайн-оқытуға қарағанда қымбатқа түседі" , - дейді университет басшылығы ресми жауабында.

Сондай университет басшылығы ЖОО-да барлық ағымдағы шығындары сақталатынын: кампус пен басқа да ғимараттарды қамтамасыз етіп, педагогтар мен әкімшілік құрамның жалақысын сақтайтынын айтты.

"Мемлекеттік деңгейде білім және ғылым министрлігі бір студентке жұмсалатын шығындар нормативінің тек төменгі жоспарын белгілейді және баға осы деңгейден төментүспеуі тиіс. Жоғарғы шегіне келетін болсақ, ол нақты қарастырылмаған", - дейді университет басшылығы.

Оқу бағасын анықтау кезінде университет басшылығы электр энергиясына жұмсалатын шығындарды есепке алады. Одан бөлек көптеген факторларға назар аударады.

Баға белгілеу факторларының ішінде:
- оқытушылар мен әкімшілік құрамдарға еңбекақы төлеу;
- кабинет, орындарды қамтамасыз ету және жалға алу;
- деректеме;
- білім беру үдерісіне қажетті жабдықтар;
- кітапхана қорын толықтыру және т.б.

Сондай-ақ, оқу құнына жоғары оқу орнының мәртебесі, тиімділік көрсеткіштері, оқыту нысаны және т.б. әсер етеді. Баға шетелдік ЖОО-мен бірлескен бағдарламалардың болуына және университет шетелдік оқытушыларды шақыруына да байланысты.

Университетте жыл сайын талантты жастар үшін гранттар мен жеңілдіктер үшін 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінетінін айтады.

Almaty Management University гранттары мен жеңілдіктеріне ие бола алатындарға:

1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге, бірінші (І) және екінші (II) топтағы мүгедек студенттерге, бала кезінен мүгедектерге - оқудың барлық кезеңіне 100% жеңілдіктер қарастырылған.

2) ата-аналарында бірінші (І) және екінші (II) топтағы мүгедектігі анықтаған студенттер, көп балалы отбасыдан шыққан студенттер - оқудың барлық кезеңінде жылдық оқу ақысының 50% -ы.

Айта кетейік, гранттардың саны өткен жылы 20 мыңға көбейсе, биыл тағы Президенттің тапсырмасына сай 5 мыңға көбейді.

Талқылау