Қазақстандық жігіттерді енді әскерге онлайн шақыртады: Тоқаев заңға қол қойды
Фото: ЖИ
Енді қазақстандық жігіттер әскерге шақыру қағазын электронды түрде, яғни SMS арқылы және eGov порталындағы жеке кабинетінде алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша" түзетулерге қол қойды.
Енді қазақстандықтар әскерге шақыру қағазын SMS немесе eGov порталы арқылы алады. Шақыру келгеннен соң үш күн ішінде баруы керек. Яғни әскерге шақырылушы белгіленген күні және уақытта медициналық куәландырудан, комиссия отырысында немесе бөлімге жіберу үшін әскери комиссариатқа келуге міндетті.
Сонымен қатар әскери борышын өтегендер екі жыл ішінде ҰБТ және емтихансыз, бірақ ақылы негізде жоғары оқу орындарына немесе магистратураға түсе алады.
Шақыру келесідей болуы мүмкін:
- ұялы телефон нөміріне SMS арқылы;
- eGov жүйесіндегі жеке кабинеті;
- Нөмірі болмаса, баяғыша қағаз беріледі.
Егер шақырту қағаз түрінде болса, оны қол қойып қабылдап алу керек. Егер адам шақырту қағазын қолына алмаса, қағазға тиісті белгі қояды, ол жергілікті әскери басқару органына қайтарылады. Шақыру қағазын қабылдаудан бас тартқан азамат тиісті түрде хабардар етілген болып есептеледі.
Еске салсақ, 2025 жылғы 26 маусымда сенат депутаттары әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
