Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Коронавирустан көз жұмғандар саны билік хабарлағаннан әлдеқайда көп": Отандық журналистер Umytpa.kz ресурсын іске қосты

Қазақстанда жеті тәуелсіз басылым бірігіп, Umytpa.kz ресурсын іске қосты. Журналистер билік жариялап жатқан өлім-жітімге қатысты статистика шындыққа жанаспайды деп алаңдайды, сондықтан өлім туралы мәліметтерді тексеру қажет деп санайды. Авторлардың айтуынша, ресурстың басты мақсаты коронавирустан көз жұмған қазақстандықтардың есімдерін жариялап, елдегі шынайы жағдайды, статистиканы ел назарына ұсыну. Көптің өмірін жалмап, елімізге қасірет әкелген бұл індеттің құрбандарын мәңгі есте сақтау үшін ресурс "Umytpa" деген атқа ие болды. Ресурс қалай жұмыс істейтіні жайлы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне Umytpa.kz ресурсының авторларының бірі Айсана Әшім айтып берді.

- Бұл идеяның бастамашысы кім болды, қанша уақыт бойы жоспарлап жүрдіңіздер және сайтты қанша уақытта іске қостыңыздар?

- Бастапқыда идея маған келді, алайда мен Дина Игіліковадан осыған ұқсас идея жайлы естіген едім. Ол өзінің инстаграм парақшасында сайт жасау керек деп, ақырын ғана айтқан болатын, мен оған бірге жасайық деп бірден жаздым. Алайда ол кезде жұмыстарым көп болып кетті, басқа біреу бұл бастаманы қолға алатын шығар деген оймен жүре бердім. Сөйтіп жүзеге аспай қалды. Одан кейін 6 шілде күні болған қисынсыз отшашулар, осының бәрі мені сайт жасауға одан әрі итермелей түсті. Содан алдыңғы апта, жұма күні түнімен көз ілмей, коронавирустан көз жұмғандардың шынайы сандарын көрсететін ресурс жасасам қалай болады деген ойлар мазалады, таңғы бес жарымда мен нақты шешім қабылдап, сайт жасауға бел будым, оның үстіне сайт жасай алатын IT маман да болды, алайда ол коронавируспен ауырып қалды. 

Осылайша мен Vlast.kz сайтының бас директоры Вячаслав Абрамовқа хабарласып, өз идеямды айттым, ол мені бірден қолдай кетті. Алғашында, біздің тарап сайт үшін, дизайн үшін жауап береді деп, атқаратын қызметтерімізді өзара бөлісіп алдық, өйткені әркім өз бетінше әрекет етсе, ол қиындық тудыратыны белгілі ғой. 

Кейін президент 13 шілде аза тұту күні деп жариялады. Осы тұста менде тек бір ғана ой болды: "Егер коронавирустан көз жұмған адамдардың шынайы саны бізге мәлім болмаса, оны жасырып отырса, онда бұл аза тұтудың не қажеті бар, бұл халықтың бетіне түкіру емес пе?" Биліктің бұл шешімін 6 шілде күні болған олқылықты жуып-шаю әрекеті деп түсіндім. 

Осы жағдайлардан кейін бізде нақты мақсат елдегі шынайы жағдайды айту болды. Осылайша, мен сайт ашу үшін IT маман, дизайнер шақырдым. Уақыт өте келе Вячаслав екеуіміз бізге көмектесе алатын басқа да журналистерді шақыруды ұйғардық. Осылайша, біздің қатарымызға "Медиазона Центральная Азия", "Factcheck.kz", "Радио Азаттық", "За нами уже выехали", "Тіл кеспек жоқ" атты тәуелсіз басылымдар қосылды.  

Жалпы, сайт қалай жұмыс істейді, сіз министрліктен құрбан болғандардың аты-жөнін сұрайсыздар  ма, оған қоса адамдардың өздері осы анықтаманы толтырады, нәтижесінде нақты сан шыға ма?

- Жалпы, бұл жобаның мақсаты қайғылы оқиғалардың ауқымын түсіну және нақты қанша адамның қөз жұмғанын және көз жұматынын анықтау болды, өйткені эпидемиямен жағдай әлі жақсарған жоқ, тек олардың санын ғана емес, адамдардың аттарын да көрсету керек, сондықтан біз мәліметтерді екі жолмен жинаймыз. Бірінші әдіс, иә, ашық ақпарат көздері, біз сайтты іске қосқанда 34 адамды өзіміз енгіздік, көз жұмған 30 дәрігер, және бұл ресми түрде алынған деректер. Екінші әдіс, сайттағы анықтаманы толтыру арқылы жүзеге асады, біз қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініштер қабылдадық. Біздің жұмыс істегенімізге бар болғаны екі күн ғана болды, осы екі күннің ішінде ғана біз 500-ге жуық өтініш қабылдадық, бірақ кеше Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болған адамдар саны 375 деп мәлімдеді, ал бізде 468 өтініш жіберген адамдар бар, яғни министрлік берген мәліметтер шындыққа жанаспайды. 

Екінші әдісте - адамдар өздері анықтаманы толтырады, олар қайтыс болған адамның аты-жөнін, жасын, тұрған қаласын, өлімнің ресми себептерін, коронавирус белгілері бар-жоғын, медициналық куәлікті немесе қайтыс болу туралы анықтаманы қоса беруі керек. Содан кейін біз журналистер, таңертеңгі оннан кешкі сегізге дейін он сағат бойы жұмыс істейміз, міндеттерді жеті басылым арасында бөліп алдық, әр екі сағат сайын кезекші боламыз, барлық өтініштерді өңдейміз. Өтініште құжат болмай қалса, біз көз жұмған адамның туыстарына немесе өтінішті қалдырған адамдарға хабарласып, қайтыс болу туралы куәлік пен анықтаманы сұраймыз. Егер ақпарат расталмаса, біз тиісті орындарға қоңырау шалып, барлығын нақтылаймыз, содан кейін ғана мәртебені өзгертеміз. Расталған мәліметтер сайтта жарияланады, сондықтан қазір, өзіңіз көріп отырғандай, сайтта 468 адам көрсетілмеген, тек расталған есімдер ғана тұр, яғни құрбандардың аты-жөні өтініш түскеннен кейін бірден шықпайды, қазір сайтта көз жұмған 189 адамның деректері бар.

Біз қазір 468 өтініштің 189-ын растадық. Сайтты әлі де жақсартамыз, жоспарда көз жұмған дәрігерлерді басқа құрбандардан ажыратып, бөлек бағанда көрсету, өйткені дәрігерлер жұмыс барысында көз жұмды. Сосын сайтта есептеуіш болады, өйткені қазір көз жұмған адамдардың саны күн сайын өзгеріп отыр, сондықтан сол өзгерісті көрсету керек.

Сіздің ойыңызша, осы ресурстың көмегімен өлгендердің нақты санын білуге ​​болады ма, ең болмағанда шынайы көрсеткішке жақындай аламыз ба?

- Енді біз бірнеше аптадан кейін оны анықтай аламыз деп үміттенеміз. Бірақ мен бұл оқиғаның бір күнге немесе бір аптаға емес, бірнеше аптаға, тіпті айларға ұласуы мүмкін екенін түсіндіргім келеді, өйткені бізде пандемияның аяқталуына ешқандай белгілер жоқ, жұқтырғандардың саны күн санап, өсіп келеді және бұл көптеген айлар бойы жалғасуы мүмкін. 

Шын мәнінде, бұл идея менде ғана емес, дәл сол Абрамовта да болды, олар да бәрін мемлекеттік қорлардың бірі жасайды деп ойлап жүрді. Өйткені мұның бәрін неге біз жасауымыз керек деген ой болды. Сондықтан ресурсты бұғаттауға мүмкіндік аз болуы үшін жеті басылым бірікті, өйткені үкіметке біздің бастамамыз ұнамайтыны анық. Дәл қазір біз үшін нақты сандарды түсіну маңызды, коронавирустан көз жұмғандардың масштабы ресми дереккөздерде айтылған сандардан әлдеқайда зор екенін түсінуіміз керек. Соны анықтау үшін біз бұғатталғанша, жұмыс істей береміз.

- Мұның бәрі аяқталғаннан кейін сайт не болады, оны жауып тастайсыз ба, құрбан болғандарды еске алатын жер бола ма, әлде сайт басқа бағытта жұмыс істей ме?

- Жоқ, сайт әрине жұмыс істейді. Шынын айту керек, біз болашақта не болатынын әлі білмейміз, мүмкін жұмысымыздың жалғасы болар, бірақ қазір бұл туралы айтуға әлі ерте.

 

Сұхбаттасқан: Сабина НҰРҒАЛИ

 

Талқылау