Қазақстандық жас кәсіпкерлердің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктері артады
Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасы мен Қоғамдық дипломатия қоры халықаралық іскерлік байланыстарды дамыту және қолдау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға Қоғамдық дипломатия қорының президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Расул Ахметов пен Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасының төрағасы Мерхат Жылқыбаев қол қойды.
Келісім аясында тараптар қазақстандық жас кәсіпкерлердің халықаралық деңгейге шығуына жәрдемдесу үшін күш біріктіруге уағдаласты. Атап айтқанда, бірлескен білім беру және мәдени-іскерлік бағдарламаларды, соның ішінде Түркияны стратегиялық бағыт ретінде қарастыра отырып, халықаралық бизнес-миссияларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– Біз жастарды Қазақстан дамуының басты ресурсы деп білеміз. Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасымен бірлескен бастамалар халықаралық бизнес мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы сенімді әріптес ретіндегі имиджін нығайтуға да ықпал етеді, – деді Қоғамдық дипломатия қорының президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Расул Ахметов.
– Бұл келісімді халықаралық ынтымақтастық платформасын күшейтетін институционалдық қадам ретінде қарастырамыз. Бірлескен жұмыс жас кәсіпкерлердің, соның ішінде Қазақстанның стратегиялық серіктесі – Түркия нарығына шығуына, халықаралық бизнес-миссияларға қатысуына және қоғамдық дипломатия саласындағы байланысты нығайтуға жол ашады, – деді Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасының төрағасы Мерхат Жылқыбаев.
Ынтымақтастықтың тағы бір мақсаты – халықаралық байланыстарды дамыту және шетелдік қоғамдық, іскерлік және дипломатиялық құрылымдармен әріптестік орнату. Сонымен қатар, тараптар Қазақстанның жағымды халықаралық имиджін нығайту және қазақстандық кәсіпкерлерді шетелдік нарықтарға ілгерілетуге бағытталған бастамаларды қолдайтын болады.
Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасы халықаралық белсенділікті арттыру бағытын жалғастырып, жастар кәсіпкерлігін қолдау, халықаралық кооперация және қоғамдық дипломатияның жаңа арналары бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
