Қазақстандық WhatsApp-тағы видеосы үшін 650 мың теңге төлеуге міндеттелді
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысында сот ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау жөніндегі азаматтық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс Тарбағатай аудандық сотында қаралды. Азамат Ж. 2025 жылдың 18 сәуірінде “Facebook” әлеуметтік желісінде және “WhatsApp” мессенджеріндегі топта жарияланған бейнематериалда таратылған мәліметтер өзінің ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін деп танып, оларды жоққа шығару және моральдық зиянды өндіру туралы сотқа талап қоюмен жүгінді.
Ашық сот отырысы барысында тараптар өзара келісімге келіп, дауды сот медиациясы тәртібімен реттеу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, сотпен медиативтік келісім бекітілді.
“Медиативтік келісімге сәйкес, талап қоюшы талап арызынан бас тартты, жауапкер таратылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіндігін мойындап, талап қоюшыдан кешірім сұрады. Сонымен қатар, жауапкер талап қоюшыға моральдық зиян мен сот шығындарын өтеу үшін 650 000 теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттенді”, – делінген сот хабарламасында.
Медиативтік келісім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сай келетіндіктен, тараптардың және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды. Осыған байланысты, сот азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Ұйғарым заңды күшіне енді.
Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық ару WhatsApp-та нөмір тіркеймін деп қылмыстық істің фигурантына айналған еді.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады