Қазақстандық түлекке грантын өтемегендіктен, елден шығуға тыйым салынған
Қазақстандық түлек грантта оқып, кейін өз мамандығымен жұмыс істемегені үшін шетелге шығуына тыйым салынған. Ол жас түлектерді ойланып шешім қабылдауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ильмира есімді қыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде екі шет тілі мамандығында мемлекеттік грантпен оқыпты. Алайда басқа жұмыс тауып алғандықтан, бұл мамандықпен жұмысқа кіргісі келмепті.
“17 жасымда кім боларымды білмедім, тіпті қазір де нақты кім боларымды білмеймін. Бірақ сол кезде ағылшын тілін жақсы білгесін сол пәнді таңдадым. ҚАЗҰУ-да неміс және ағылшын тілін оқыдым. Оқуды аяқтаған соң студенттерде 3 таңдау болды: 3 жыл мектепте жұмыс істеу, жүкті болып, декретке кету және ақылы түрде магистратураға түсу. Мен сол мезетте жұмыс тауып алғандықтан, мұғалім болғым келмеді. Декретке шығайын десем, тұрмыста болған жоқпын. Сол үшін магистратураға түсу туралы шешім қабылдадым”, – деді ол.
Ол Синергия деген шетелдік университетке ақылы түрде магистратураға түсіпті. Сол кезде университетке анықтама қағазын ұсынған.
“Жұмысыма кірісіп, 1-семестрден соң оқудан шығып кеттім. Кейін күйеуіммен 2023 жылы Аргентинаға кетіп қалдым. Сонда жүргенімде мемлекетке 2,5 миллион теңге қарыз екенімді айтып, хабарлама келді. Олар сотқа беретінін айтты. Біз университетке қарызды ай сайын бөліп бергіміз келді, бірақ олар толық берсін деп бізді сотқа берді”, – деді Ильмира.
Сот онлайн 3 айға, одан соң 6 айға шегерілгендіктен, ол бұл туралы ұмытып кеткен. Кейін Аргентинадан Қазақстанға оралып, қайтадан Малайзияға кетер уақытта 3 миллион теңге қарыз хабарлама келіпті.
“Малайзияға көшуге толық дайындалып, құжат билет бәрін алып қойдық. бірақ мына хабарламада қарыз пайызбен өсіп келді. Әрі 5 күнде төлемесең, елден шығуға тыйым салынатынын айтты. Біз дүйсенбі кетуіміз керек, ал хабарлама жұмада келді. Адвокаттарға жүгініп жүргенде, дүйсенбі болды. Кетер алдында қарасам, жүйеден тыйым салынған белгі тұр. Абдырап, сот орындаушысына қоңырау шалдық. Әзірге соманың жартысын төлейік деп ескерттік, алайда толық төлемегенше, елден шыға алмайтынымызды айтты”, – деді түлек.
Алайда сол күні жақындары арқылы 3 миллион теңгені тауып, қарызын жапқан. Десе де Малайзияда кеткен соң, тағы да 70 мың қарыз келген. Әйел оны төлемегендіктен, банктік шоттары бұғатталыпты. Кейін қарызы 90 мыңға өскен. Осылайша әйел 4 жылдық оқу ақысын төлеп тастағанын айтады.
“Мен мұндай міндеттемелер туралы білмедім. Бірақ мен сияқты мамандығымен кейін жұмыс істегісі келмейтіндерге грантқа түспеуге кеңес беремін”, – деді ол.