Қазақстандық түлек бітіру кешіне жинаған ақшасын жарысқа баруға жұмсап, жүлдемен оралды
Фото: Видеодан скрин
Алматылық түлек бітіру кешіне жинаған ақшасын спорттық жарысқа қатысу үшін жұмсап, жүлделі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде дзюдодан бапкер Болатбек Ерасыл есімді шәкіртінің бітіру кешіне жинаған 300 мың ақшасын жарысқа бару үшін жұмсап, елге жүлдемен оралғанын айтты.
“Болатбек Ерасыл Ташкентте өткен Азия кубогінде 3-орын алды. Қазақстан чемпионатының чемпионы. Ташкентке ақша бөлінбей қалды. “Не істейсің?” деп сұрадым. Бітіру кешіне деп жинаған ақшасы бар екен. Костюм, басқа заттар алуға ақша жинаған екен. “Бітіру кешіне бармаймын” деді. Осындай құмарлықпен күресіп жүрген бала. Жүлдесін алды, шүкір. Бірақ ақша туралы әке-шешесіне айтқан жоқ”, – деп күлді бапкер.
Видео авторының айтуынша, шәкіртіне бітіру кешінің бір-ақ рет болатынына, алда жарыстар көп болатынын айтып, бұл ойынан айнытпақ болған. Алайда Ерасыл өзі шешім қабылдап қойғаны, ойланбастан жарысқа баратынын айтқан.
Желі қолданушылар спортқа шын берілген бозбаланың ынтасы мен құлшынысына тәнті болды. Арасында спортшы жігіттің жүлдесіне көрімдік деп шотына азды-көпті ақша жібергенде де болды.
“Жеңіске бір қадам деп тәуекелмен жолға шыққан жас түлекке жолың әрқашан ашық болсын деймін! Жүлдең құтты болсын”, “Бөлексің, палуаным”, “Жүлде құтты болсын жас түлек, алда алар асуларың көп болсын”, “Kaspi нөмірі жазшы, көрімдік жіберейік”, “Балам, аз да болса, көптей көр”, “Олипиада чемпионы болсын”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Сондай-ақ олардың арасынан қажет кезде жастарды қолдап ақша бөлмеген ел билігін сынға алғандар табылды.
“Спорт және мәдениет министрі ай қарап отыр ма? Осындай азаматтарды қолдамай”, “Мемлекет неге жаттықтырушысымен спортшыға жолына, жатын орнына, тамағына бөлмейді”, “Сай салаға, қалтаға жетіп бөлініп жатқан ақша, осындай үлкен жарыстарға келгенде неге бөлінбей қалады”, “Спорт министрлігінің басшылары қайда қарап отыр, обал ғой”, – деп жазды желі қолданушылары.

Оралдықтар көпқабатты үйдің ауласында Құрбан айт тойлаған: Олар енді айыппұл арқалай ма
