Қазақстандық тағы бір компания Ресейге тауар жеткізуге көмектескені үшін санкцияға ілінді
АҚШ-тың қаржы министрлігі 17 елдің 275 азаматы мен компаниясына қарсы санкция салды. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Швейцария, Қытай, Үндістан және тағы басқа елдер бар. Қазақстандық Kazstanex компаниясы да Ресейге тауар жеткізгеніне байланысты санкция тізіміне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: shutterstock
АҚШ қаржы министрлігі Ресейге озық технологиялар мен жабдықтар жеткізуге қатысы бар 275 тұлға мен ұйымға қарсы санкция салды. Олардың қатарында қазақстандық Kazstanex компаниясы да бар. Ол бүкіл әлемдегі өндірушілерден білдектер (станок) жеткізеді.
Egov.kz мәліметтеріне сенсек, компания 2014 жылы тіркелген. Оның негізін қалаушы және бірінші директоры – Василий Абрамов.
АҚШ-тың Қаржы министрлігі ресейлік қорғаныс компанияларына жабдықтар мен электроника жинауға көмектескен Ресей, Қытай, Үндістан, Швейцария, Таиланд және Түркия сияқты елдердегі заңды тұлғаларға санкциялар енгізді. Бұл компаниялардың кейбірі қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізіп, Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне қажет өнімдерге тапсырыс берген.
Санкция тізімінде Ресей, Беларусь, Қытай, Үндістан, Түркия азаматтары да бар. Олардың арасында Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары Александр Фомин, Павел Фрадков және Владимир Путиннің туысы деп айтылатын Анна Цивилева да бар.
Еске салайық, бұған дейін Еуроодақ Ресейге көршілес Орталық Азия елдері мен Қытайға санкция салу жолдарын қарастырып жатқаны туралы хабарлаған едік. Ең алдымен Еуроодақ санкциясы "саудадағы серпілістің" себебін түсіндіре алмаған елдерге салынбақ. Ал негізгі мақсаты – Мәскеу қолдануы мүмкін тауар арналары мен Ресейге көмектесіп отырған елдерге тосқауыл болу.