Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елімізде олимпиадалық емес спорт түрлерінің жағдайы нашар": Отандық спортшы мемлекетке өкпесін айтты

Спортшы Закир Найманбаев елімізде спортшыларға ешқандай қолдау көрсетілмейтінін айтып шағымданып желіге видео жазба жариялады. Ол Қарағанды облысында, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде балалар жаттығуына жағдай жасалмағанын айтады. Закир Өз кезегінде спорт объектілері бар кәсіпкерлерге 10 балаға тегін жаттығуға мүмкіндік беруге шақырды, соған сай оларға жарнама жасап беретінін жеткізді. Stan.kz тілшісі спортшымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын сұрап білді. 

Семей қаласының тумасы 26 жастағы Закир дене шынықтыру мамандығын бітірген, қазіргі уақытта мектепте жұмыс істейді. Пауэрлифтинг бойынша Қазақстанның екі дүркін және Азия чемпионы, әлемдік чемпионаттың жүлдегері.

Айтуынша, бастапқыда тек өзі үшін жаттығып жүрген. Алайда 13 жасынан бастап спортқа бейімділігі бар екенін түсінген. 

"16 жасымда алғаш рет Семей қаласында пауэрлифтинг бойынша қалалық чемпионатта өнер көрсеттім. Ерлер арасындағы ересектер категориясына түсіп, жатып 125 келі штанга көтеретінмін. Сол уақытта мені жаттықтырушылардың бірі байқап қалып, Қазақстан чемпионаттарында кәсіби түрде бақ сынауды ұсынды", - дейді Закир. 

 

Әртүрлі жағдайға байланысты жаттығуларды, күресті тастап кеткен сәттер болды. Алайда уақыт өте келе қайтадан штангаға оралатынмын. Бұл спорт түрі адамның мінезін қалыптастырады, күш береді. 

Бірде Закир Найманбаев Қарағандыдағы жас балалардың жаттығу жасап жатқан сәтінен түсірілген видеоға назар аударған. Кадрлардан жас спортшылардың өте нашар жағдайда дайындалып жатқанын көруге болады. 

"Маған бұл видеоны көру ауырға соқты. Спорт үшін, балалар үшін өзегім өртенді. Шынайы талаптанған адамдарға қолдау болмайтыны өкінішті. Әсіресе, ауылдарда жаттығатын жағдайы жоқ балалар көп", - дейді ол.

Өз парақшасында видео жолдау жасағаннан соң көмектесеміз деген адамдар көбейген. Алайда мұның бәрі бос сөз болуы да мүмкін, дейді спортшы. 

Закир Найманбаев еліміздегі спорттың түрлеріне қолдау жоқ екенін, осы орайда аталған мәселені көтергісі келетінін жеткізді.

"Қазақстанда кез келген спорт түрін дамыту керек. Мемлекет бұған өте аз көңіл бөледі. Қазіргі уақытта пауэрлифтинг бойынша жарыстарға қатысуды қойдым, себебі бұдан келіп кетер ештеңе жоқ. Жарысқа қатысатын болсаң, жолыңа, дайындығыңа өз қалтаңнан шығарасың. Қаржылық тұрғыда бұл өте ауыр тиеді. Ал егер бала спортпен шұғылданамын десе, онда тіпті қиын. Себебі жағдайы жоқ отбасылар ынтасы бар баласын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан мен осы мәселені көтергім келеді", - дейді ол.

Спортшы қазір бірдеңе туралы айту қиын екенін тілге тиек етті.

"Пандемия өмірдің барлық салаларына, оның ішінде спорт саласына өзінің өзгерістерін енгізуде. Бұрынғыдай демеушілік жоқ", - дейді ол. 

Спортшы Қазақстанда олимпиада ойындары өмір сүретінін айтты. Бізде бокс пен күрес жақсы дамыған, алайда олимпиадалық емес спорт түрлерінің жағдайы нашар екенін жеткізді. 

"Мысалы мен айналысатын пауэрлифтинг ешкімге қажет емес, себебі мұнда ешқандай шоу жоқ, көрерменге қызық емес. Ол үшін бұқаралық ауқымда шаралар өткізу үшін қаржылық қолдау керек, танымал адамдарды шақыру қажет", - дейді ол.

Сондай-ақ, спортшы Қазақстанда футбол әлсіз бола тұра, оған көп қаржылық қолдау берілетінін тілге тиек қылды. 

Закир Найманбаев алдағы уақытта өзін басқа спорт түрлерінде сынап көру жоспарда бар екенін айтады. 

"Әзірге белгісіз. Бірақ күрес, MMA саласында өзімді дамытқым келеді. Алайда өзімнің пауэрлифтинг бағытымды да тастамаймын", - дейді ол.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр