Қазақстандық шенеуніктер шағын жалақыға жұмыс істегісі келмейтіндерді жәрдемақыдан айыруды ұсынды
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істегісі келмейтіндерді жазалау мәселесін көтеріп отыр. Олар Беларусьтегідей айыппұл арқалатып немесе қамауға алмай, жұмыс істеуге құлқы жоқ қызметкерлерді әлеуметтік жәрдемақыдан айыру керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосы порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жұмыссыз қазақстандықтардың еңбек етуге ниетсіз екенін атап өтті. Ол бұл қорытындыға елдегі бос жұмыс орындарының саны көп екенін зерттеп барып келген. Алайда адамдардың аз жалақыға жұмыс істегісі келмейтіні депутаттың назарынан тыс қалған көрінеді.
"Ауылдардағы фермерлер жұмысшыларды таба алмай отыр. Онда қанша бос жұмыс орны бар? Бірақ көп адам жұмыссыз ретінде тіркелген және тек жәрдемақы алып отыр. Иә, мүгедектігі бар адамдар бар. Бірақ сау адамның жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуы – бұл мүлдем басқа мәселе. Жұмыс көп, бірақ ешкім бармайды. Жалқаулықты үгіттеп жатырмыз! Жұмыссыздық жәрдемақысы дәл осындай өмір салтын ұстануға итермелейтін себеп", – деді Анас Баққожаев.
Бұл ұсынысты Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова да қолдады.
"Жәрдемақылар әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленеді. Егер азамат жұмыс істеп, табысынан айырылса, тек осы жағдайда ғана ол мемлекеттен материалдық қолдауды күте алады. Бірақ қазақстандықтар субсидияланған жұмысқа бармайды. Біз еңбекқорлықты отбасынан бастап тәрбиелеуіміз керек. Бірақ бұл тек тәрбие-идеологиялық жұмыстарда ғана емес, заңнамалық түрде де реттелуі қажет. Адам жұмыстан бас тартқанда заңнаманы қатаңдату керек", – деді Светлана Жақыпова
Депутаттар бос жүргендерді жәрдемақыдан айыру ұсынысы Қазақстан бюджетінің тапшылығының артуы аясында көтерілгенін айтып отыр. Биылдың өзінде 12 миллиард доллардан асып кетті дейді олар. Сөйтіп мемлекеттік шығындарды оңтайландыру қажет екені айтылды.
Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, үнемдеудің көптеген жолы бар, бірақ ең бірінші әлеуметтік сала қысқаруға ұшырайды.
"Кейінгі жылдары Қазақстан билігі әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін осы салаға ақша "құйып" келген. Ең үлкен өзгеріс 2019 жылы, Астанада бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқаннан кейін болды. Кейінірек, отбасы ақауы бар пешпен уақытша тұрғын үйде тұрғаны анықталды. Ал ата-аналар үлкен отбасын асырау үшін бірнеше жұмыста істеп, үйде ұзақ уақыт болмады. Осы трагедиядан кейін көпбалалы аналардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуды және қосымша жәрдемақыларды талап еткен митингілерінің толқынына жауап ретінде билік жәрдемақыларды арттыруға мәжбүр болды. Алайда қазір биліктің пікірінше, әлеуметтік келісімшартты қайта қарау қажет", – деді қаржы сарапшысы.
Бейсембаев мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеу үшін мемлекеттік аппаратты қысқарту немесе ұлттық компаниялар мен олардың еншілес ұйымдарын оңтайландыру арқылы экономиканы үнемдеуге болар еді дейді.
Бұл құрылымдар көбіне қаржы жылын шығынмен немесе аз ғана табыспен аяқтайды. Сондықтан осы секторда үнемдеу тиімді болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан билігі, әрине, бірінші немесе екінші нұсқаға баруға дайын емес.
"Бұл – саяси ерік-жігер мәселесі. Қатаң саяси ерік болса, мұны екі жылда жүзеге асыруға болар еді. Жылдам. Барлығын тарату, жаппай жекешелендіру жүргізу және тағы басқалары. Бұл мәселені уақытқа созып, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға таңдау жасалды", – деп атап өтті Арман Бейсембаев.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Қаржы министрі Мәди Тәкиев қазақстандықтардың жалақысы экономикалық өсіммен бірге неліктен көтерілмеді деген сауалға жауап берді. Олар сұраққа нақты жауап бере алмады. Дегенмен мемлекет азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.