Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық шенеунік 300 мың теңге пара алғаны үшін 9 миллион теңге айыппұл арқалады

Фото: freepik.com

Жамбыл облысында пара алды деп айыпталған бұрынғы облыстық экология департаменті бастығының міндетін атқарушы мен пара берді деп айыпталған металлургия зауытының бұрынғы қызметкерлеріне сот үкімі шықты. Оларға 24 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

30 сәуірде күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Ернар Мақажан Facebook желісіндегі парақшасында агенттік өкілдері облыстық экология департаменті басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын хабарлады.

Осы ведомствода 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен Темір Смағұлов сотқа тартылды. Ол соңғы жылдары департамент бастығының орынбасары қызметін атқарған, тіпті басшының міндетін атқарушы болып та тағайындалған. Дәл осы қызметінде ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне пара алып жатқан жерінде ұсталды.

Тараз металлургиялық зауыты бас директорының орынбасары мен кәсіпорын бөлімшелерінің бірінің басшысы зауытта жүргізіліп жатқан тексерістен оң нәтиже алу мақсатында оның кабинетіне 300 мың теңгемен барған. Кейін екеуі де Қылмыстық кодекстің 367-бабы (лауазымды тұлғаға пара беру) бойынша айыпталып, сотқа тартылды.

Смағұловтың өзіне Қылмыстық кодекстің 366-бабы (пара алу) бойынша айып тағылды.

Қазақстан Республикасы заңы бойынша, пара берушінің мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 40 еселенгеннен 50 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал пара алушы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 50 еселенгеннен 60 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Қылмыстық айғақтардың, соның ішінде жедел материалдардың болуына байланысты пара алу ісі бойынша сот талқылауы жеделдетілген тәртіпте жүргізілді. 21 мамырда сот үш айыпталушыға да үкім шығарды. Сот барлық жеңілдететін мән-жайды ескере отырып, сотталушыларды өздеріне тағылған бапта көзделген ең жоғары айыппұлдың жартысын төлеуге міндеттеді.

Сәйкесінше Смағұловқа 9 миллион теңге, ал зауыт директорының орынбасары мен оның қарамағындағы қызметкердің әрқайсысына 7,5 миллион теңгеден айыппұл салынды.

Үкімді жариялауға экология департаментінің қызметкерлері де қатысып, соттың рұқсатымен сот үкімі тікелей трансляция арқылы көрсетілді. Судья Бағдат Төребекұлы онлайн-трансляцияға департамент қызметкерлеріне, облыстағы басқа да кәсіпорын қызметкерлеріне сабақ болсын деген мақсатта рұқсат бергенін атап өтті.

Айнұр Мұхади
Жұма, 23 Мамыр, 2025 10:51
Талқылау