Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық шахматшылар жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынайды

Фото: kazchess.kz

16-22 тамыз аралығында Колумбияның Барранкилья қаласында өтетін 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер шахмат Олимпиадасына Қазақстан атынан екі команда қатысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан шахмат федерациясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) ұйымдастыратын жарысқа 46 елден 90 команда жиналады. Жарысқа Ресей (FIDE-1) және Беларусь (FIDE-2) құрамалары да ұзақ үзілістен кейін оралады. Үй иелері – Колумбия бірден 29 команда шығармақ.

Турнир "төртке төрт" форматында (құрамда міндетті түрде бір ұл және бір қыз ойнауы тиіс) өтеді. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 9 турдан тұрады, уақыт бақылауы – рапид 45+10.

Старттық тізімдегі көшбасшылар:

  1. FIDE-1 (2396) – IM Артём Усков, GM Иван Землянский, GM Савва Ветохин, WGM Анна Шухман; капитан – GM Евгений Томашевский

  2. Өзбекстан (2351) – IM Мухаммадзохид Суяров, IM Хумоюн Бегмуратов, FM Асроржон Омонов, WIM Афруза Хамдамова; капитан – GM Сайдали Юлдашев

  3. Қазақстан-1 (2267) – IM Сауат Нұрғалиев, FM Марк Смирнов, FM Алан Петухов, WIM Елназ Қалиахмет; капитан – GM Борис Грачёв

  4. Қытай (2245) – Мэн Ихань, Цзян Хаоэнь, Гон Суньле, WIM Гао Музиянь; капитан – GM Сюй Инлунь

  5. Қазақстан-2 (2212) – FM Артём Богданов, FM Алдияр Жауынбай, CM Данис Куандыкулы, WIM Зарина Нургалиева; капитан – GM Александр Моисеенко

Айта кетейік, жарыс алдында 7-14 тамыз аралығында Алматыдағы "Rahat Palace" қонақүйінде бас бапкер Евгений Владимировтың жетекшілігімен оқу-жаттығу жиыны өтті.

Федерацияның айтуынша, басты мақсат – 2023 жылы Нидерландтың Эйндховен қаласында көрсеткен нәтижеден асып түсу. Ол кезде Қазақстанның үздік командасы Қытай, Түркия және Грекия құрамаларынан кейін 4-орын алған болатын.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 12 Тамыз, 2025 17:03
Талқылау
`