Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сарапшы: Бензин бағасы бет қаратпай тұр

Соңғы уақытта бензин бағасының қымбаттауы халық арасында жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың жанармай бағасының күрт өсу себебін білгісі келуі қалыпты дүние. Мұнай саласының сарапшысы Ерлан Жаукин нарықтағы өзгерістер жайлы өз ойын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

сарапшы"Мемлекет 25 жыл бойы жанармай құю стансаларындағы бағаны қолмен реттеп келді. 2011 жылға дейін бұл әкімшілік әдістермен жүзеге асырылды. 2011-2016 жылдары бағаларды мемлекеттік реттеуге мұнай өнімдерінің бөлшек саудасына шекті баға формуласы қолданылды. Ол кезде бұл әдіс АИ-80, АИ-92 бензиндері және дизель жанармайына қолданылатын. Бұл формула әлемдік әлемдік экономикаға кіріктіріліп, тұрғындар үшін айтарлықтай әділетті деңгейде бекітілетін. Сондықтан қарапайым халықтың санасына бензиннің шынайы бағасы бұдан әлдеқайда қымбат болуы мүмкін ғой деген ой кіріп-шықпаған еді", - дейді маман.   

Сарапшы 2016 жылдан бастап бензин мен дизельдің бөлшек саудадағы бағасы еркін айналымға жіберілгенін айтады. Мемлекет монополияға қарсы орган арқылы жанармай бизнесіне айтарлықтай ықпал етіп отыр және соның аясында тиісті шараларды әлі де қолданады, дейді ол. Бензиннің бөлшек саудадағы бағасы тұтынушы үшін ыңғайлы дәлізден ауытқып көрген жоқ. Оның сөзінше, бизнеске үнемі нұсқау беріп, қысым жасау, тауардың шынайы құнын қолдан төмендету бизнесті тұралатып барып тынады.

"Мұнайдың әлемдік бағасы жоғары болған кезеңде мұнайшылар ел Үкіметі қойған көтерме және бөлшек сауда бағаларын ұстап тұру жөніндегі міндеттерді бас шлұғып орындады. Біразға дейін "экспорттық нарықтардан ақша тауып, соның есебінен ішкі нарықты субсидиялаймыз" деген ұстаным мұнайшыларға өндірісті дамытуға, болашақ жобаларға инвестиция салуға және ішкі бағаны ұстап тұру үшін әлеуметтік жүктемені көтеруге мүмкіндік берді. Бүгінде мұнай саласындағы жағдай мүлде басқаша. Шикізаттың экспорттық көлемі бұрынғыдай көп емес, Мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ішкі нарықтың қажеттіліктері айтарлықтай өсті. Мұнай экспортынан түсетін табыстар бірнеше жыл бойы ішкі нарыққа мұнай жеткізуге кететін шығындарды жаба алмайтындай деңгейге жеттік", - дейді Жаукин.

Сарапшы наурыз айының басында мен АИ-92 бензинінің бөлшек саудадағы бағасы литріне 170-175 теңге болады деген болжамы орындалғанын тілге тиек етті. 


Аи-92- нің бағасы нешеге барып тоқтайды? Сарапшылар болжамы


"Менің ойымша, бензин бағасы әлі шегіне жеткен жоқ. Бұл жерде бензиннің тапшылығы туралы қандай да бір пікір айту әбестік болады. Өйткені елдегі жанармай қоры ішкі тұтынушылар үшін жеткілікті. Ендеше Реесейге кетіп жатыр деп түюге болады. Бұл туралы көптен бері айтылып жүр. Шөптің басы жел соқпай қимылдамайды. Десек те, қазір бензин Ресейге вагонмен емес, бензин тасушы көліктермен экспортталады. Яғни, елдегі бағаға әсер ететіндей көлемде кетіп жатқан жоқ. Ресейге кеткен экспорт бағаны өсірді деген болжамның негізсіздігін осылай түсіндіруге болады", - дейді маман.

Бұған қоса, ол бензин бағасына әсер етіп жатқан негізгі факторды атады. 

"Негізгі фактор – нарық пен нарықтық қатынастар. Отын нарығында ашықтық пен транспаренттілік қажет екендігін ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Соңғы 9 жылда Үкімет пен жанармай нарығының ойыншылары мұнай өнімдері саудасын биржаға шығаруға дайындық жүргізіп келді. Биыл 31 наурызда Қазақстан тарихында алғаш рет АИ-92 және Аи-95 бензиндері биржалық алаңда сатылды.

Сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" өндірген АИ-92 және Аи-95 бензиндерін сату үшін 6 сауда сессиясы өткізілді.


Қазақстан бензині неге қымбаттап тұр? Сарапшы пікірі


Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына ірі көлемде мұнай жеткізушілер сатушы ретінде қатысты. Бүгінге дейін жылдар бойы көтерме бағаның өсуін тежеп келген осы кәсіпорындар болатын. Биржадағы сауда қандай өзгеріс әкелді? 6 сауда сессиясында АИ-92 бензиннің көтерме бағасы 30% өсті. Ешқандай алыпсатарлық әрекет болған жоқ. Нарықтың барлық ойыншыларына мүмкіндік теңдей ұсынылды. Сатушы сатып алушыны көрмейді, сатып алушы кімнен сатып алатынын білмейді", - деді сарапшы.

Мұнай саласының маманы алдағы уақыта қандай өзгерістер болатынын болжады. 

"Биржадағы сауда-саттық бензинің бағасын бұрынғыға қарағанда әлдеқайда нарықтық құнына жақындатып берді. Мұндай тенденция жалғаса берсе, нарық бензинді жоғары бағамен сатып алудан бас тартпаса, ірі мұнай жеткізушілер тауар бағасын бұрынғыдай ұстап тұра беруі қаншалықты мүмкін?

АИ-92 бағасының болжамына оралайық. Сәуір айында биржадағы бензин жеткізу саудасы әлі аяқталған жоқ. Биржалық сауда-саттықтың ағымдағы сессияларында АИ-92-нің  құны өндірушісіне байланысты тоннасына 217 000 - 234 000 теңгенің айналасында құбылды. Бірден айта кетейін, мұнай өңдеу зауыттарынан тасымалдау құны бағаға қосылмайды. Баға жанармай зауытының тиеу станциясында бекітіледі. Мұны литрге шақсақ, бензин бағасы биржада литріне 160 -173 теңге болуы керек. Бұл жанармай құю бекеттеріндегі бағаға қалай әсер етуі мүмкін?" - деп қосты ол.

Сөзінше, бензин бағасына тағы 15-16 теңгеге көтерілуі ғажап емес.

"Қазақстан аумағының кеңдігін ескерсек, өңіргерге жанармай жеткізу және сақтау құны  литріне 9-10 теңге арасында құбылады. Мұндай алшақтық өңірлердің мұнай өңдеу зауыттарынан қаншалықты алыс жатқанына байланысты. Мысалы, Атырау МӨЗ-ден Атырау облысындағы мұнай базасына дейін отын тасымалдау шығындары литріне 5 теңге. Қостанай облысындағы мұнай базасына дейін жеткізу құны литріне 16 теңгені құрайды. Бұған қоса бөлшек саудадағы ойыншы жанармай құю стансасын күту ұстауға да біраз шығындалады. Қызметкерлерге жалақы төлеу, мұнай базасынан жанармай құю бекеттеріне жанармай жеткізу, банктен алған қарыздың қызмет көрсету шығындары және бар. Осылайша литріне тағы 15-16 теңге баға қосылады. Кейбір ойыншылардың қазіргі шығыны бұдан да көп болуы мүмкін", - деді Ерлан Жаукин.  

Сарапшы мұның бәрі көлік иесінің қалтасына   қалай әсер ететінін түсіндірді. 

"Атырау облысында 1 литр бензиннің өзіндік құны шамамен литріне 185 теңге, ал Қостанайда литріне 196 теңге болады. Бұл жерде біз бөлшек сауда желісінің маржасын қосып отырған жоқпыз. Іс жүзінде, қазақстандық АИ-92 бензиннің объективті құны өңірлер бойынша 190-200 теңгенің төңірегінде болуы керек", - дейді маман. 

Айтуынша, бұл өзгерістер азық-түлік бағасына әсер етпей қоймайды.

"1 литр АИ-92  бензиннің құны 150 теңге болған кезде 40 литрлік бакты толтырып құю үшін 6000 теңге төлейтінсіз. Енді 1 литр бензиннің бағасы 200 тг теңгеге жетсе, 40 литр бакты толтыру үшін 8000 теңге төлеуіңіз керек. 

40 литр бензин үшін жұмсайтын шығыныңыз 2000 теңгеге артады деген сөз. Мұның халық тұтынатын тауарлардың бағасына қатысы қанша? Кез келген тауардың тұтынушыға ұсынылатын бағасына тасымал шығыны үстелетіні заңдылық.  Қарапайымдап айтқанда, 40 литрлік бакты толтыруға қосымша шығындаған 2000 теңгені қайтару үшін тауардың бір келісіне 2 теңге баға қосылады", - деді ол.   

Сондай-ақ, ол бензин бағасының өсуі инфляцияға түрткі болмайтынын алға тартты.

"Мен бұған дейін де біздің елдің экономикасы бензинге қарағанда дизельмен жұмыс істейтінін талай айтқан болатынмын. Өйткені теміржол дизель отынын пайдаланады, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар дизель жағады, қоғамдық көліктер дизель мен газ тұтынады,ауыл шаруашылығына жыл сайын жеңілдетілген бағамен дизель сатылады, өңірлер арасында тасымалданатын азық-түлік өнімдері мен өзге де тауарлар дизельмен жүретін ауыр жүк көліктерінің көмегімен тасымалданады. 

Яғни, бензин бағасы тауарлардан қарағанда қызметтердің бағасына ішінара әсер етеді. Оны мына сұраққа жауап іздеу арқылы түсінуге болады. Бензинді  халықтың қызметтік және жеке көлігі, қала ішінде қойма мен дүкен арасына тауар тасымалдау қызметі. Бірақ қазір мұндай көліктердің көбі газға ауыстырылған, такси қызметтері тұтынады. Яғни, бензин бағасының өсуі инфляцияға түрткі болады деп байбалам салу негізсіз. Ал дизельдің бағасы бүгінде төмен және біршама бақылауда", - деп қорытындылады сарапшы.

Талқылау