Қазақстандықтардың айлық табысының 5%-ынан асқан коммуналдық қарызды әкімдік өтейді
Фото: Stan.kz
Қазақстандық отбасының табысынан 5% асқан коммуналдық қарызды әкімдік өтейді. Яғни өтемақы төлеу шегі екі есе төмендетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнадан Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір әкімдіктер әлеуметтік осал топ санатына жататын отбасылар үшін коммуналдық қызметтің бір бөлігін төлейтіні белгілі. Бірақ бұл көмек жылдан жылға ұлғайып келе жатыр деуге толықтай негіз бар. Себебі 2023 жылға дейін өтемақы комқызмет құны табысының 20%-дан асқан жандарға берілетін. Кейін бұл көрсеткіш 10%-ға, одан 5%-ға дейін төмендетілді. Мысалы, отбасының табысы 200 мың теңге делік, ал коммуналдық қызмет ақысы 20 мың теңге шығып тұр. Яғни, 10 мыңы әкімдік есебінен өтеледі.
Алайда министрлік өкілдерінің айтуынша, өтемақы берілетін шекті көрсеткіш 5% бола ма, әлде 10, оны жергілікті мәслихаттар шешеді.
“Тұрғын үй көмегін есептеуге арналған коммуналдық қызметтерді тұтыну нормасы да өзгертіліп отыр. Демек, газ, су, жылуды тұтынудың жан басына шаққандағы мөлшері бекітілген”, – деп мәлімдеді олар.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Ұлттық жоба аясында коммуналдық қызметтер бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу үшін 5%-дан 10%-ға дейінгі мөлшерде шығыстардың Бірыңғай шекті рұқсат етілген деңгейі белгіленді.
“Бір адамға тұрғын үй алаңының, электр энергиясын, суды тұтынудың және т.б. қолданылатын нормалары бекітілді”, – деп мәлімдеді министрлік.
Енді бір кісіге газды тұтынудың айлық нормасы 15 текше метрге тең, ал суық суды пайдалану шегі – 4 текше метр. Мүлікті күтіп-ұстау мен күрделі жөндеуге бағытталған айлық шығыны шаршы метрі үшін 60 теңгеден аспауы керек. Бұйрық 11 тамыз күні күшіне енеді.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
