Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық оқушылардың каникулын қысқарту мәселесін зерделеп жатырмыз – Аймағамбетов

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың демалысын қысқарту туралы ұсынысқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, ұсынысты қолдайтын да, қолдамайтын да адамдар бар.

"Біз бұған қарсы адамдардың аргументін түсінеміз. Бұл жерде әрқашан ғылыми тәсіл болуға тиіс. Біз – министрлік, білім басқармасы, мұғалім немесе ата-ана тұрғысынан емес, ғылыми тұрғыдан қарауымыз керек. Яғни бұл балаға қаншалықты тиімді екенін білуіміз керек", –  деді Аймағамбетов мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, қазір білім министрлігі каникулды қысқартуға қатысты зерттеу жүргізіп жатыр. Оған психологтар да, әдіскерлер де тартылған.

"Бұл мәселені ғылым тұрғысынан шешу үшін қазір зерттеу жүргізіп жатырмыз. Оның нәтижесі жайлы міндетті түрде хабарлаймыз. Бұл мәселені алдын ала әріптестермен талқылаймыз. Кабинеттерде кулуарлық шешімді ешкім қабылдағалы жатқан жоқ",-  деді министр.

Бұған дейін бизнесмен, Binom мектептерінің құрылтайшысы Айдын Рахымбаев оқу жылын 34 аптадан 38-ге ұзартуды ұсынды.

Оның айтуынша, Қытай мен Кореяда оқушылардың сабағы 42 аптаға, Сингапурда 39 аптаға созылады. Ал Қазақстанда – 34 апта. Яғни Кореяда оқушылар демалысы 70 күнге созылса, қазақстандық оқушылар 120 күн демалады. Осылайша қазақстандық балалар жыл сайын оқудың 1-1,5 айын жоғалтады.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 30 Наурыз, 2022 12:56
Талқылау