Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Конор Макгрегор: Ережесіз жекпе-жек шеберіне ұқсайтын алматылық жігіт желіде танымал болды

Ережесіз жекпе-жек арқылы жаһанға танылған ирландиялық Конор Макгрегорға ұқсайтын алматылық жігіт көпті тәнті етті. Желі қолданушылары оның танымал спортшыға ұқсайтынын айтып, интернетке суреттерін жүктеген. Содан кейін Бахрамның жұлдызы жанып, өзі де танымал жанға айналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Автотұрақта істейтін Бахрам Сапарбайдың өмірі бір күнде болмаса да, аз ғана уақыттың ішінде өзгерген. Түр-тұлғасы ережесіз жекпе-жектен әлемге танымал болған ираландиялық Конор Макгрегорға ұқсайтынын азамат, соңғы жылдары өзіне жұрттың ықыласы ерекше ауғанын айтады. Көргендердің көбі селфи жасайды екен. Басында бұған аса мән бермеген ол, бертін келе өзіне қазақстандық Конор Макгрегор болған ұнай бастағанын жасырмады.  

"Өткен жылы қараша, желтоқсан айынан бастағанбыз. Кішкене келеді ме, келмейді ме деп көргенбіз. Енді бір аяғына қарай кішкене ұқсап шықты. Өзі елің, халқың екен ғой көтеретін де, түсіретін де", - деді Бахрам Сапарбаев.

Ол халықтың көңілінен шығу үшін, киіну стилін де өзгертіп, бірте-бірте әйгілі спортшының қимыл-қозғалысын да сала бастапты. Тіл шығару, аяғымен жерді тарпу сынды әрекеттер жасап, Макгрегордың бейнесін шынайы ашуға талпынады.

"Образын бүйтіп-бүйтіп қарап, жүрісін үйреніп кішкене, Макгрегорды жүз пайыз білмесем де кішкене кейіпін келтіре аламын. Ондай мақтанып ештеңе айта алмаймын да, бірақ келтіре аламын", - деді Бахрам Сапарбаев.

Осылай біршама тәжірибе жинаған Бахрам бес жыл істеген тұрақтағы жұмысынан қол үзіпті. Өйткені жарнамалар мен роликтерге шақырушылар көбейген. Көшеден көріп, танығандар бірге жұмыс істеуге қолқа салады екен.

"Қазіргі күнде сол жарнама басқа да сол эфир, өзіміз клиптер, вайндар түсіреміз. Қазір сондай майда жұмыстармен айналысып жатырмыз", - деді Бахрам Сапарбаев.

Бұрын емін-еркін жүрген жігіт, қазіргі таңда уақытының тым тығыз екенін айтады. Бәріне үлгеру үшін кесте құратын болған. Өйткені бір емес, екі продюсермен бірге түрлі жобаларды жасап жүр. Сақалы мен шашын күнде әрлейтін Бахрам, енді мейлінше танымалдылығын арттыруға тырысады.

Оның ендігі бір арманы - атақты Конор Макгрегордың өзімен кездесу.

"Көреміз енді, уақытша болар, әрі қарай жалғастырамыз деген ой бар, Құдай қаласа. Макгрегорге дейін жетіп барамыз деген біздің мақсат бар. Қазақстанның туын алдына апарып тастаймыз деген. Сен маған ұқсайды екенсің деп айтатын едім", - деді Бахрам Сапарбаев.

Талқылау