Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық қыз жұмысқа қабылдау кезінде фото талап еткен мейрамхана әкімшілігінің әрекетіне шағымданды

жұмыс беруші мен кассирФото: Copilot AI арқылы жасалды

Алматылық қыз жұмысқа қабылдау кезінде фото талап еткен мейрамхана әкімшілігінің әрекетіне наразылық білдірді. Ол сурет жіберуден бас тартқан соң, мекеме тарапынан дөрекі жауап алғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қыз Алматыдағы Medovic кафесіне түйіндеме жіберген екен. Алайда кассир жұмысына адам іздеген кафе әкімшілігі одан фотосын сұраған. Десе де қыз жеке суретін жіберуден бас тартқан, сол сәтте мейрамхана тарапы дөрекі жауап қайырған. Қыз мұны Threads желісіндегі парақшасында жазды. 

“Сурет не үшін керегін түсіне алмадым. Егер әдемі болмасаң, олар жұмысқа алмайды деген сөз бе, сонда? Бұл не сұмдық?”, – деп жазды қыз. 

түйіндемеге қатыстыФото: Threads скрин

Аталған жағдайға кафе әкімшілігі жауап берді. Олар кандидаттың өзін ортада қалай ұстайтынын анықтау үшін, фото керегін айтты. 

"Иә, біз үшін түйіндемедегі фото өте маңызды. Біз жұмыс беруші ретінде кандидаттың тәжірибесі мен дағдысын ғана емес, өзін-өзі қалай ұстайтынын білгіміз келеді. Әрине, біз әдепсіз қарым-қатынасты құптамаймыз. Сізден кешірім сұраймыз. Біздің қызметкерге іскерлік хат алмасудың дұрыс әдебі түсіндірілді", – деп жазды кафе әкімшілігі.

Сондай-ақ олар жұмысқа адам алар кезде сырт келбетке мән бермейтінін айтты.

"Біз қызметкерлерді сырт келбетіне қарап емес, тек жинақы әрі ұқыпты болуына қарай таңдаймыз. Өйткені адамдармен жұмыс істегенде бұл өте маңызды. Әдетте ешкім түйіндемеге сәтсіз сурет қоспайды немесе жасанды интеллект арқылы жасалған фотоларды пайдаланбайды. Тағы да кешірім өтінеміз, қызметкеріміз ақпаратты дұрыс жеткізбеген. Біз онымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірдік", – дейді олар. 

Аталған жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бір тарап, дискриминация қаупі барын, әлемдік тәжірибеде түйіндемеге сурет қою маңызды емес екенін жеткізді. Енді бірі, түйіндемеде суреттің болуы маңызды екенін, сол арқылы адамның қандай екенін білуге болатынын айтты. 

“Google, Visa, Amazon үміткерлерді фотосыз-ақ жақсы іріктейді”

"Мәселені көтеріп жатқан қызды қолдаймын. Түйіндемеге фото қосудың қажеті жоқ. Бұл — дискриминация. АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университетінде түйіндемеге фото қоспау керегін айтқан. Сондай-ақ адамның жасы, отбасылық жағдайы да көрсетілмеуі тиіс. Өйткені бұл жұмыс берушіні қызықтырмауы керек".

"Түйіндеме тәжірибеңізге және бұл жұмысқа қаншалықты сай келетініңізге негізделуі керек. Түйіндемеде жас/фото көрсету міндетті емес. Мұнда кейбіреулер “сырт келбет позицияға сай болуы тиіс” деп жазыпты. Бірақ іс жүзінде бірінші кезекте тәжірибе бағалануы керек. Әсіресе кассир лауазымына тәжірибе мен тиісті білім қажет".

"Фотосы бар түйіндеме әлдеқашан ескірген. Дамыған елдер мен компаниялар суретке қарамайды. Барлық топ-рекрутерлер фотоны алып тастауға кеңес береді. Google, Visa, Amazon сияқты ірі компаниялар фотосыз-ақ үміткерлерді жақсы іріктейді. Ал кафеде кассир іздеп отырғандар ол деңгейге қайдан жетсі".

"Нархоз университетінед оқытушымыз түйіндемеге фото қоспау керегін айтатын. Сондықтан мен де фото қоймаймын, одан еш мән көрмеймін. Егер позиция адамның сырт келбетін білуді қажет етпесе, фотоның қажеті жоқ".

"Түйіндемеге фото қосудың қажеті жоқ. Дамыған елдерде керісінше, фото қоссаң түйіндеме қаралмайды". 

"Бірде HR-департамент директоры қатысқан кездесуде болдым. Ол да түйіндемедегі фото — міндетті емес екенін айтты. Тіпті фотосыз болғаны жақсы дейді".

“Суреті жоқ түйіндемелерді мүлдем ашпаймын”

"Жұмыста HR маманы жоқ кезде басшы сұхбат жүргізуді маған тапсырған еді. Өз тәжірибемнен айтарым, фотосы жоқ түйіндемелерді мүлдем ашпайтын едім. Себебі маған күніне бір вакансияға 300-ге жуық түйіндеме келетін. Бәрін оқу мүмкін емес. Өйткені бәрінің білімі, тәжірибесі, құзыреті бар. Барлығы бірдей көрінетін. Сонымен қатар, үміткердің қандай фотосурет таңдағаны да мен үшін маңызды критерий болды. Бұл адамның өз жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Кейбіреулер тіпті клубтағы сапасыз селфи, бұлыңғыр суреттерін немесе топтық фотоларын жіберетін".

"Бұл дискриминация сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде, түйіндемені фотомен сұрайтын жағдай жиі кездеседі. Өйткен әкімшілік, менеджерлік немесе клиентпен жұмыс істейтін қызметке үміткердің сырт келбеті сәйкес келе ме, соны білгісі келеді. Бір жағы бұл сұхбатқа шақырғанда үміткерді оңай тану үшін қажет болады. Негізі фото міндетті емес. Бірақ жұмыс ұнап тұрса, фотосы бар жақсы түйіндеме тапсырған жөн". 

"Фото түйіндеме үшін міндетті элемент. Бастысы 3х4 өлшеміндегі немесе паспорттағыдай болуы керек. Ал бетінің жартысын жауып, қырымен түскен суреттер мүлдем жарамайды".

"Кассир де компанияның бет-бейнесі. Егер тапсырыс қабылдайтын адам ұқыпсыз болса, терісін күтпесе, терісі майлы, қолы кір болса, бұл сатып алушыға әсер етеді. Бұл кассаның табысына да ықпал етеді. Мысалы, дәмді тамақ ішу үшін кафеге кірдің делік. Бірақ клиентті күтетін кассир ұқыпсыз болса, автоматты түрде "кафенің барлық жері таза емес шығар" деген ой туындайды. Сосын кетіп қаласың. Сондықтан өз құқықтарыңды ғана талап етпей, қызмет көрсету мәдениетін де ескеру керек". 

"Менің ойымша, тұтас сурет емес, селфи сұраған жөн. Бірде Navat-қа барғанымда даяшының беті безеу болды. Бұл тәбетімді қашырды. Оның үстіне олар тамақты үсті жабылмаған күйде әкеледі. Бұл барлық жерде бар тәжірибе. Сондықтан жұмысқа беті таза даяшыларды алуды сұраймын". 

“Фото қосса түйіндемені жауапкершілікпен толтырды деген сөз”

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі HR-маманнан пікір сұрады. HR Жұлдыз Ыбытаеваның сөзінше, түйіндемеде фото болғаны маңызды. Себебі жұмыс беруші не себепті сізді таңдағанын білуі керек дейді маман. 

"Негізі түйіндемеде фото болғаны жөн. Өйткені, түйіндемеге қараған кезде жұмыс беруші неліктен сол адамды жұмысқа алатынын білуі керек. Ал фото болмаса түйіндеме тартымды болмайды. Оның үстіне адамның қандай екені суретінен көрінеді. Мәселен, ол клиентпен жұмыс істейтін болса, жүзі жылы ма анықтау керек болады”, – дейді маман

Маманның сөзінше, үміткер түйіндеме толтырған кезде тәжірибесін, біліктілігін ашып көрсетіп, суретімен бірге толықтай толтыруы керек. 

“Адам түйіндемені фотосымен бірге жіберсе, жауапкершілікпен толтырды, ұқыпты жазды деген сөз. Кей адамдар тәжірибесі мықты болса да, өзін көрсетіп жаза алмауы мүмкін. Мәселен, түйіндеме тапсырған адамның жеке бренді қалыптаспаған болуы мүмкін. Оны жұмыс беруші қызметке ала салмайды. Сондықтан адам өз жұмысын, тәжірибесін, біліктілігін ашып көрсетіп, фотосымен бірге толық толтыруы керек", – дейді HR-маман.

Әлемдік тәжірибеде қалай?

Қазақстанда түйіндемеге сурет қосу міндетті деп көрсетілмеген. Алайда, түрлі компаниялар мен HR мамандары әлі күнге дейін фотосы бар түйіндемелерді қарайды. Ал басқа елдерде түйіндемеге фото қосу талап етілмейді. Себебі бұл: 

Дискриминация қаупі. Фото қосылғанда жұмыс берушінің бейсаналы түрде адамның жынысына, жасына, ұлтына, сырт келбетіне қарап шешім қабылдау ықтималдығы артады. Сол үшін АҚШ, Канада, Ұлыбритания сияқты елдерде фото қоспау дәстүрге айналған;

Негізгі өлшем – кәсіби дағды. Жұмысқа алу критерийлері білім, тәжірибе, біліктілік. Ал сырт келбет бұл жерде маңызды болмауы тиіс;

HR этикасы. Қазір халықаралық HR стандарттары бойынша фото талап ету үміткердің құқығын шектейтін әрекетке жатады.

Сол себепті, “суретсіз түйіндеме” халықаралық деңгейде бейтарап әрі әділ норма саналады. Ал бізде (Қазақстан мен ТМД елдерінде) әлі күнге дейін фото қосуды қалыпты деп қабылдайды. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 16:57
Талқылау