Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең суық материк Антарктиданы жүзіп өткен қазақстандық келіншекті отандастары күтіп алды

Қазақстандық спортшы Анель Сытдыкова ең суық материк Антарктидада жүзіп өтті. Осылайша ол Антарктида суын бағындырған Қазақстандық алғашқы спортшы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: сюжет кадрларынан скрин

2022 жылы ол екі беделді марафонда: Манхэттен мен Каталина бұғазын жүзіп өтті. Бұл жолы ол Антарктидада халықаралық мұз жүзу қауымдастығының негізін қалаушы Рам Баркайдың басшылығымен 13 жүзушіден тұратын халықаралық команда құрамында болды. Ол 18 минутты суда өткізіп, 750 метр қашықтықты жүзген. Айтуынша, ол 1000 метрді жоспарлаған екен. Алайда бұл қауіпті болған. 

“Біз қашықтықты жүзе аламыз деп үміттендік. Алайда ауа райының қалай болатынын нақты білмедік. Дегенмен жүзіп өттік. Негізі егер тәжірибе болмаса, бұл қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан тәжірибесіз өте қиын. Дегенмен барлық қиындықтарға қарамастан, бұл өте қызық спорт түрі”, – деді Анель.

Анелдің әкесі Әлібек Сытдықовтың айтуынша, ол жүзуге 35 жасында келген. Алдымен өз күшін триатлонда сынап көрген. 40 жасында спортшы Францияда Қазақстанның туын көтеріп, ең қиын бұғаздардың бірін жүзіп өтті. 

“Анель бала кезінен шапшаң әрі дегенінен қайтпайтын болды. Барлығын соңына дейін жеткізетін. Университеттен кейін Ұлыбританияға оқуға кетті. Онда ол жүзуді кәсіби түрде бастады. Ол жүзген сайын біз уайымдаймыз. Дегенмен қызым әрқашан жасы бұдан да үлкен спортшылардың барын айтып, бізді тыныштандырады. Оған әрқашан тек сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз”, – деді әкесі. 



Қазір Анель демалысын туған қаласы Оралда өткізіп жатыр. Айтуынша, демалысы кезінде Шағанға сүңгу мүмкіндігін пайдаланады. Дәл осы өзенде ол бала кезінен жүзуді үйренген.

“Бастау ешқашан кеш емес екеніне сенімдімін. Менің ойымша, саналы жастан бастаған дұрыс. Жақын маңда өзеннің болуы – үлкен артықшылық. Оны пайдалану керек деп санаймын. Бірақ, әрине, қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Жаныңда сақтық үшін біреу болуы керек. Суға бірден ұзақ уақытқа тұрудың қажеті жоқ. Барлығын біртіндеп бастау керек”, – деді ол. 

Анель – үш ұлдың анасы. Отбасымен бірге Ұлыбританияда тұрады. Бірақ өз Отаны Қазақстанды дәріптеуді жалғастырып жатыр.

Еске салсақ, қазақстандық қыздың Антарктиданы жүзіп өткені туралы хабарлаған едік. 

Талқылау