Қазақстандық кәсіпкерлер 10 күннен бері картопты Өзбекстанға өткізе алмаған
Түркістан облысында тонналаған картобы бар вагондар шекарадан өтпей тұр. Кәсіпкерлер он күннен бері отандық өнімді көрші Өзбекстанға өткізе алмай жатыр. Айтуларынша, көкөністің бұл түрі күн суықта шіріп, бүліне бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
10 күннен бері теміржолда тұрған вагон-вагон картоптар шіри бастады. 5 компания өкілі отандық өнімді Өзбекстанға өткізу үшін 13 қаңтарда рұқсат алып қойған. Алайда Сарыағашқа 18 қаңтарда жеткен жүк не экспортқа кетпей, не Қазақстанға өтпей үсіп барады. Ені кәсіпкерлер кімнен көмек сұрарын білмейді. Енді олар миллиондаған шығынға баттық дейді.
7 жылдан бері қазақстандық картоптарды Өзбекстанға өткізіп жүрген Фархад Садықов 10 күннен бері теміржолды торуылдап, сол маңда түнеуге мәжбүр. Өйткені экспортқа тыйым салынып, көрші елден ақшасын алып, құжатын да рәсімдеп үлгерген отандық өнімді жібермей қойған. Фархад сияқты Сарыағаштың теміржол вокзалында тағы 5 компания өкілі жүр. Бірі Павлодардан, енді бірі Қарағандыдан келіпті.
“Мұны біз Өзбекстанға жіберуіміз керек. Өзбекстан бір аптадан бері қайта-қайта сұрап жатыр. Біз оларға не деп жауап берерімізді де білмей жатырмыз. Құжат бойынша бәрі заңды. 19-ына тыйым салынған деп жатыр. Бірақ жібермей тұр. Бұл вагондар бұрыннан кіріп кетуі керек. Бірақ себебін ешкім айтпай жатыр. Бүгін-ертең деп созады”, – деді кәсіпкер Фархад Садыков.
Кәсіпкерлер картоптың келісіне 300 теңге кеткенін айтады. Барлығы 3 мың тонна өнім Павлодар, Қарағанды, Оралдан шыққан. Вокзалда тұрып-тұрып, үсе бастапды. Кәсіпкерлер әзірге бір вагонды ашып көрген. Қалғанын қарауға қорқып отырмыз деп, өнім қоқысқа айнала ма деп алаңдайды олар.
Мына вагондар 13-інен бастап артылған. Карантин қағазын алып қойғанбыз. 13-16-ына декларация дайындап қойдық. Құжаттың бәрін Өзбекстанға жібердік. 19-ынан кейінгінің бәрі қалды. Әрекет те қылған жоқпыз. 19-ына дейінгі жүктеріміз шығып кетсе қуанамыз. Фитосанитария ғой”, – деді кәсіпкер Нұрсұлтан Орманов.
Министрлік өкілдері Сарыағашта жиналған кәсіпкерлердің мәселесінен хабардар. Он күннен бері картоп бағасына тексеру жүргізген олар кәсіпкерлер өнімді арзан бағалағанын айтады.
Тіркелген келісімшарт бойынша картоп бағасы біздің нарықтан бірнеше есе төмен болған. Сол мәселе бойынша тексеру жүрді. Бүгін тексеріс бітті. Қажет ақпарат анықталды. Сондықтан бүгінде вагондардың сыртқа кетуіне ешқандай тосқауыл жоқ”, – деді ауыл шаруашылық вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Вагон-вагон картопты жергілікті әкімдік 100 теңгеден сатып алуды ұсынған. Кәсіпкерлер бұл ұсыныстан бас тартыпты.