Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы флэшмоб басталды

Қазақстандық фем-белсенділер әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарсы флешмоб бастады. Мұнда олар заңды өзгертіп, қылмыскерлерге жазаны қатаңдатуды талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет желідегі видеодан

"Біздің талап: Әйелдерге қатысыты зорлықты тоқтату”,- деген ұранмен Instagram желісінде бірнеше қыз-келіншек үндеу жасады. 

“Күн сайын жаңалықтардан әйелдерді ұрып-соғып, зорлап, өлтіріп жатқан жағдайларды көреміз. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорлары тіпті олардың барлығына көмектесіп үлгермей жатыр. Қылмыскерлер жауапкершіліктен үнемі жалтарып кетеді. Себебі залымдарға қатысты заңнама жұмсақ. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық декриминализацияланған”, – делінген желі жазбасында. 

Фем-белсенділер заңға қатысты үкіметке бірнеше талаптар қойды:

  1. Жасалған қылмыстардың ауырлығына сәйкес жазаның неғұрлым қатаң нормаларын енгізу, зорлық көрсеткендерге жазаны қатайту. Зорлық-зомбылық әрекетіне бірінші рет барып тұрса да қатаң жазалау;
  2. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық құқық бұзушылық мәртебесін беру және оны бұзушыларға қатаң жазалар енгізу арқылы қылмыс ретінде қарау;
  3. Зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қорғаудың тиімді тетіктеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер тарапынан қолдау мен көмек көрсету;
  4. Жаңа заңдардың сақталуына тиімді бақылау және мониторинг тетіктерін құру. Сондай-ақ құқық қорғау органдарын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу бойынша оқытуды қамтамасыз ету.

Белсенділер барлық әйелдерді зорлық-зомбылыққа қарсы бірігіп, еркін өмір сүру үшін өздерін қолдауға шақырды.

“Біз, Қазақстан әйелдері, үкіметтен дереу жауап беруді талап етеміз. Біздің мақсатымыз – әйелдер қорғалған және өздерін тең сезінетін қоғам құру”, – деп жазды олар.

Осы тұста желіде “Жаңа адамдар” жастар қозғалысы да тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатқысы келетін барша жұртты маршқа шақырды. 

“25 қарашада Алматыда хайуандар әлемінде өмір сүруден жалыққан адамдар маршы өтеді. Маршқа келіп адам кейіпіндегі жануарлардан зардап шеккен жандар немесе өзіңнің жағдайың туралы айтып бер”, – делінген жазбада. 

Талқылау