Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам ұлына есірткі дайындауды үйреткен: Отбасыдан құны 5 миллиард теңгенің есірткісі тәркіленді

Қазақстандық ер адам ұлына есірткі дайындауды үйреткенФото: Видеодан скриншот

Ақмола облысында синтетикалық есірткі өндірілген ірі жасырын наркозертхана жойылды. Арнайы операция нәтижесінде 54 жастағы ер адам мен оның 26 жастағы ұлы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ең қызығы, әкесі ұлына есірткі дайындауды үйретіп, оны қылмыстық іске тартқан. Операция барысында:

  • 200 келі мефедрон;
  • 2 тоннадан астам прекурсор;
  • химиялық реакторлар;
  • зертханалық жабдықтар мен реактивтер тәркіленді.

Сарапшылардың мәліметінше, тәркіленген өнім шамамен 600 мың бір реттік дозаға жетуі мүмкін. Бұл мыңдаған жастың есірткіге тәуелді болып қалу қаупін төндірген. “Қара нарықтағы” құны 5 миллиард теңгеден асады (шамамен 10 миллион доллар).

Сондай-ақ прекурсорлардың бір бөлігі еліміздің басқа өңірлеріне жіберіліп отырған. Бұл синтетикалық есірткі өндірісін өнеркәсіптік деңгейде жолға қою әрекетін көрсетеді.

“Жақсы жоспарланған арнайы операцияның арқасында біз химиялық заттарды жеткізушілерден бастап, өндірісті ұйымдастырушыларға дейінгі бүкіл қылмыстық тізбекті жойдық. Тағы да атап өтеміз: ІІМ елімізде есірткі өндірісін ұйымдастырудың кез келген әрекетіне қатаң әрі ымырасыз тосқауыл қояды. Наркобизнес ұйымдастырушыларына заң бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр”, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан.



Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 8 келі “метамфетамин” тәркіленіп, күдікті қамауға алынғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 12:26