Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық экс-судьяның өлімі: Енесі оны өлтірді деген күдікке ілінді

Айгүл Сайлыбаева-Қанат Сайлыбаевтың жеке архивіненФото: Бауыры Қанат Сайлыбаевтың жеке архивінен

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі өкілі қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның қазасына қатысты іске түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Германияның құқық қорғау органдары кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

"Қазір тергеу жүріп жатыр. Германия сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, Дармштадт қалалық сотының шешімімен марқұмның енесі Наталья Донцова "кісі өлтірді" деген күдікке ілінді. Германия және бүкіл Еуропа бойынша оны тұтқындауға ордер берілді", – деді Смадияров.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі іс материалдары Қазақстанның Германиядағы елшілігінің көмегімен марқұмның туыстары мен адвокатына берілгенін айтты.

"Қазір Донцованың қайда екені белгісіз, ол халықаралық іздеуде. Тергеу мүддесі үшін, неміс тарапының жариялауға жатпайтын ақпаратының таралуына жол бермеу үшін егжей-тегжейлі мәлімет жарияланбайды", – деді ол.

Еске салсақ, былтыр, 2024 жылғы маусымда Германияда тұратын қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаева із-түссіз жоғалып кеткені хабарланды. Ол 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға алып кеткен, содан кейін одан еш хабар болмаған. Он күндей өткенде келіншектің денесі Германиядан пакетке оралған күйде табылғаны мәлім болды. Сайлыбаевамен бір уақытта оның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да жоғалып кеткен. Ол Сайлыбаева жоғалған күні немересін балабақшадан алып келгеннен кейін хабар-ошарсыз кеткен.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 18:01