"Мен мұны бұрын білмеппін" Қазақстандық экоблогерлер жақсы әдетті өзіңнен бастау не үшін маңызды екенін айтты
Қазақстанда қоршаған ортаны таза ұстау, жануарларды қорғау, қалдықты сұрыптау мәселелерін жиі қозғап жүрген экоблогерлер мен экобелсенділер көп. Олар әлеуметтік желіде айналаны таза ұстауды насихаттап, күнделікті әдеттерін бөліседі. Блогерлер елімізге экология тақырыбын қозғайтын контент пен оны қазақша ұсынатын мамандар әлі де өте қажет деп есептейді. Stan.kz ақпарат агенттігі экоблогерлермен әңгімелесіп, ерекше тақырыпта контент жасаудың қыр-cырын сұрады.

Алматылық экоблогер, экологист, Darmarka.Almaty жобасының ұйымдастырушысы Камила Әкімбекова Instagram-дағы экологиялық блогын 2019 жылы бастаған. Ол бұл туралы Ресейде өткен экологистер мектебінде оқып жүргенде ойланыпты. Қатысушылармен "экологист болып, дамып, оқып жатқанымыз, қалдықсыз өмір салтын ұстанатынымыз күшті. Бірақ біз айналамызды өзгерткіміз келсе, қалдықты көп болып сұрыптағымыз келсе, онда білімімізді басқаға бөлісуіміз керек" деп шешкен.
"Сонда бәрі әлеуметтік желінің, әсіресе Instagram-ның күшін айта бастады. Кез келген қарапайым адам өзі парақша ашып, білімін, күнделікті әдеттерін, тәжірибесін бөлісе алады және осы арқылы басқа адамдарды шабыттандыра алады деген ой айтылды. Сол кезде мен алғашқы постарымды жаза бастадым. Бірақ мен алғашқыда экоблогер боламын, блогым осындай деңгейге дейін дамиды, экоинфлуенсер ретінде таныламын деп ойлаған жоқпын. Арасын үзіп алсам да, блогты жайлап, шамам жеткенше жалғастыра бастадым”, – дейді Камила.
Ал қазір ол экоблогына көбірек көңіл бөледі. Өйткені адамдардың шынымен қызығатынын, сұрайтынын, ерінбей қарап, соны қайталағысы келетінін көріп жүр. Желідегі парақшасы арқылы Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын көп экобелсенділермен, экоблогерлермен танысқан.
“Қазір сол адамдардың бәрі туғанымдай жақын болып кетті, жиі кездесеміз. Себебі құндылықтарымыз сай келеді, бір нәрсені қалаймыз. Сондықтан олармен өзіңді жайлы, жақын сезінесің. Бірақ айта кететін бір нәрсе, экоблог былай ашып, кірісіп, дамытып жібере салатын блог емес, бұл – күрделі тақырып. Бұл тез тарап кететін, жылдам аудитория жинайтын әзіл-қалжың, жеңіл-желпі дүние емес. Осы күрделі тақырыпты адамдарға ой салатындай етіп ұсына білу де қажет. Қазір мен тек блог жүргізу емес, жалпы сапалы контент шығару маңызды екенін түсініп келемін. Өйткені адамдарға мұндай ақпаратты еңбектеніп, дұрыстап ұсыну керек”, – деп бөлісті экоблогер.
Оның сөзінше, экоблогерлікте көтеретін тақырып өте көп. Тіпті жылда бір нәрселерді қайталап айтып, шығарып отырсаң да, "мынаны бұрын білмеппін, бірінші рет естіп отырмын" деп таңданып жазатын адамдар табылады.
“Мысалы, менің соңғы кофе-шай құятын бірреттік стақан туралы видеомды алайық. Бұл стақанның қағаз емес екенін, ішінде пластик пленкасы бар және ол зиян екенін, қайта өңделмейтінін бүкіл жерде айтып жүреміз. Бірақ осы туралы білмейтіндер әлі де бар. "Біз оны қағаз деп ойлап, күнде алып ішіп жүрміз ғой" деп жатады. Сондықтан қайталап болса да, үздіксіз айта беру маңызды. Адамдардың оны көріп, байқап, пікір білдіруі бізге шабыт береді”, – дейді экобелсенді.
Камила Әкімбекова өзінің блогынан бөлек Darmarka.Almaty жобасының парақшасын жүргізіп отырады. Бұл – алматылықтар өзіне қажет емес заттарын қалдырып, өзіне керек болған, ұнаған басқа бұйымды алып кетуге болатын алаң. Ол үнемі сұранысқа ие, тұрғындар оны күтеді, қатысады.
“Алматылықтарды алда болатын эко науқандарға шақыру үшін, қандай заттарды алып келуге болады, оны қалай әкелу керек деген сияқты сұрақтарға жауап беріп отыру үшін ашқан едім. Ол парақшаға қала тұрғындарынан күнде сұрақ келіп тұрады. Әлеуметтік желіде парақша жүргізу, блогер болу көп көңілді, еңбекті, уақытты талап етеді. Мұны бәрі түсіне бермейді, бағаламай жатуы мүмкін. 15 секунд видеоның өзі – қаншама сағат еңбек. Бірақ мен әрі қарай да блогымды жүргізе беремін, дамыта түсемін. Адамдардың сұрағы таусылмайынша экология тақырыбында ағартушылықпен айналыса беремін”, – дейді экоблогер Камила Әкімбекова.
Тағы бір экоблогер Базарбек Қамысбаевтың экологиялық өмір салтын ұстанып, осы тақырыпқа қызығып жүргеніне 5 жылға жуықтапты. Оған оның Австрияда білім алған жұбайы себепкер болған. Австрияда суды үнемдеу, қоқыс сұрыптау, оны қайта өңдеуге өткізу сияқты әдеттерді адамдар күнделікті өмір дағдысына айналдырған. “Жұбайым екеуіміз "осы әдеттерді елімізде жасап көрмейміз бе?" деп, әрекетті өзімізден бастадық” дейді ол.
“2019 жылы "Жас Ұлан" ұйымы және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған Экоchallenge байқауына қатыстым. Бұл жай ғана байқау емес, 21 күнге созылған ауқымды экомарафон болды. Марафонда тапсырмаларды өзің ғана емес, достарың да орындауы керек. Байқаудың арқасында достарым, әлеуметтік желідегі оқырмандарым өздеріне пайдалы нәрселерді біліп, экология туралы көп ақпарат алды. Қазылардың шешімі бойынша байқауға қатысқан 500-ге жуық адам арасынан жеңімпаз атандым. Осы байқаудан соң Instagram-дағы парақшама "ecofriendly" өмір салты тақырыбында жиі жазып тұратын болдым”, – деп бастады блогер әңгімесін.
Сонымен қатар ол ерікті ретінде басқа да орыс тіліндегі экопарақшалардың мәтінін қазақшаға аударады. Бұған қоса 2022 жылы ЮНИСЕФ ұйымының "Plastic Free" жобасы бойынша эковолонтерлерге жасаған іріктеуінен өткен.
“Басқа да волонтерлермен бірге мектеп оқушыларына "Пластикті қолдануды азайту" тақырыбында онлайн-сабақ өткіздім. Бұл жобаның балалардың экологиялық сауатын көтеруге, экомәдениетті қалыптастыруға маңызы өте зор болды. Блогымның арқасында мені түрлі жобаға әділ қазы мүшесі, сарапшы ретінде шақыра бастады. Қазір көбіне әлеуметтік желідегі контентім саяхат контентіне ауысқанымен, экология жайлы ақпараттарды іздеп, сұрайтын оқырмандарым бар. Саяхатқа шыққанда да түрлі елдердің қалдықтарды сұрыптау жүйесін, олардың артықшылығын, тіпті қоқыс жәшіктерін де көрсетемін”, – дейді Базарбек Қамысбаев.
Базарбек Қамысбаев экология туралы блогтың екі ерекшелігін атады:
- Блогтың басты ерекшелігі – қазақша болуы. Қазір мұнымен ешкімді таңқалдыруға болмайтын шығар. Бірақ 4-5 жыл бұрын өз басым Zero waste қағидасы туралы қазақ тілінде ақпарат іздегенімде 1-2 ғана шағын мақала шығатын. Меніңше, әлі де экологиялық өмір салты туралы жазатын адам саны аз. Ал біз көп болсақ, бізді көретін, оқитын жандар да көбейеді. Сәйкесінше көпке ықпал ете аламыз.
- Екінші ерекшелігі – экологияға негізделген өмір салты туралы ер адамның айтуы. Өкінішке қарай, біздің қоғамда қалдықтарды сұрыптау, қоқыс жинау, энергияны үнемдеу сияқты тақырыптар мен әрекеттерге қатысты "ер адамдарға лайық іс емес" деген сияқты жаңсақ пікір қалыптасқан. Ал шын мәнінде бұл – бәрімізге ортақ, бәрімізді алаңдатуға тиіс үлкен мәселе.
“Мен үшін экоблогымның маңызы – оның пайдалы, танымдық бағытта болуында деп ойлаймын. Менің жазғандарымды оқыған бір адам болса да, өзіне керегін алып, табиғатқа қамқор болу туралы ойлана бастаса – соның өзі мен үшін үлкен жетістік. Көп адам үшін экологиялық мәселелер өте күрделі нәрсе сияқты көрінгенімен, мен шынында бұл мәселені бәріміз біріксек қана жақсарта алатынымызды, бұл істе әр адамның кішкентай қадамы маңызды екенін түсіндіргім келеді”, – деп қорытындылады экоблогер Базарбек Қамысбаев.
Экоблогер, Instagram-дағы Stopmsz_kz қозғалысының бастаушысы Құралай Әлиева Қазақстанда саналы адамдар жеткілікті екеніне сенімді. Тек олардың бәрі қоқысты қалай шығару керек, қалдықты қайта өңдеу керек – осы жөнінде біле бермеуі мүмкін дейді. Өзінің блогын осы себеппен де бастапты.
"Бір күні әріптесіммен түскі үзілісте серуендеп келе жатып, қалдықты сұрыптау, қоқыс полигондары, айналаның лас болуы және сол ластыққа жай қарап жүре беру ұнамсыз боп бара жатқанын талқыладық. Әріптесім екеуіміз бұрыннан қалдықтарды бөліп, қайта өңдеуге өткізетінбіз. Бірақ біз көп адам қалдықтардың тағдыры, қоқыс полигондарының жағдайы не болып жатқанын ойламайды ғой деп есептедік. Осылайша қалдықтар мәселесін көтеру, ақпаратты көбірек бөлісу керек деген ой туды. Өйткені арамызда саналы адамдар көп, бірақ оның барлығы бұл жағдайлардан хабардар болмауы мүмкін", – деді блогер.
Экобелсенді блог дайындау арқылы көп ақпарат алып, білімін жетілдіргенін айтты. Оған қоса ойы бір жерден шығатын, өзі сияқты экобелсенді ортаны, достарды тапқан.
"Желідегі парақшама ақпараттар дайындау үшін өзім көбірек зерттеп, іздене бастадым. Біраз нәрсені үйрендім де. Қалдықтар қалай пайда болады және оны қайтсек азайта аламыз, осы мәселе төңірегінде өзіме көп жаңа мәлімет аштым. Әлеуметтік желінің арқасында басқа да экологиялық блогерлермен және белсенділермен танысып, экологиялық шараларға қатыса бастадым. Экоблог жүргізу маған қалдықтар туралы мол білімге және экологиялық қауымдастықтың қызық және қарқынды дамып келе жатқан әлеміне жол ашты", – деп бөлісті ол.
Құралай Әлиева айналасынан экологияға қатысты жақсы өзгеріс байқайтынын жасырмады. Ол ең бастысы адамның бәрін бір уақытта өзгертуі емес, өзінің көзқарасын өзгерте бастауы дейді.
"Өзгерістердің болып жатқанын көріп жүрмін. Жақсаруға дайын адамдар көбейіп жатыр, кейде тіпті өздері түбегейлі өзгеріс жасағандар бар. Менің ортам, отбасым және достарым да өзгере бастады. Кем дегенде көзқарасын қайта қарастырды. Мен экоблогтың арқасында қоғамға пайдалы бола алатыныма, көп байланыс пен білімге ие болғаныма қуаныштымын", – дейді қазақстандық экоблогер Құралай Әлиева.