Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық депутаттар ашаршылыққа ресми түрде «геноцид» деп құқықтық баға беруді талап етті

«Ақ жол» партиясы ашаршылыққа ресми түрде «геноцид» деп құқықтық баға беруді талап етеді. Тиісті депутаттық сауалды бүгін мәжіліс отырысында фракция депутаты Берік Дүйсембинов ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

дала

"Еліміз кеше ғана саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтті. Дәл осы күні Президент Қ.Тоқаевтың «Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы комиссия құру» жөніндегі тапсырмасы жарияланды. Өте өзекті тапсырма. «Ақ жол» партиясы Президент тапсырмасын қолдайды және оның жұмысына өз өкілдерін жіберуге дайын екенін хабарлайды. Сонымен қатар, тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы большевиктердің тоталитарлық билігі ұйымдастырған қазақ жеріндегі Ашаршылыққа ресми түрде «геноцид» деп құқықтық баға беруді талап етеді", - дейді депутат

Деуптататың сөзінше, осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі ашаршылық мәселесін геноцид ретінде халықаралық деңгейде (Біріккен Ұлттар Ұйымы, ОБСЕ, АҚШ Конгрессі, Европарламент) мойындату жұмыстарын бастауы керек екен. 

"Сол жылдары, өз елін, ауылын азапты ажалдан құтқарамын деп, тоталитарлық, қанішер саясатқа қарсы, қарулы көтеріліс жасаған жүздеген батырларымыз әліге дейін ақталған жоқ. Олар «басмач» деген мазақ аттан әлі арыла алмай жүр. Тарихшылардың деректері бойынша, қазақ даласында кемінде мұндай 300-ден аса көтеріліс болған. Елдің жадында Сарқан, Балқаш, Қазалы, Қарақұм, Ырғыз, Атбасар, Сарысу, Созақ, Адай, Шұбартау, Бостандық көтерлістері әлі күнге дейін сақталған. Аталарымыздан бізге жеткен естеліктер бойынша, бас көтерген қазақ руларын большевик әскерлері артиллериямен атқылап, қашып бара жатқан ауылдарды аэропланмен бомбалап, шекарада ұсталған қорғансыз босқындарды пулемётпен бала-шағасымен қоса, қойша кырған", - деп қосты Дүйсембинов.

Мысалы, шығыстағы қазақ-қытай шекарасындағы атақты «Ақ-найман қырғыны» деген қанды оқиға ел есінде сақталса да, ресми түрде әлі мойындалмаған; ал осы заставаның аты бертінге дейін сол қырғынды тікелей басқарған қызыл әскердің атымен аталып келді. 2012 жылы «Қарасу» шекара пунктінің құрылысы кезінде, Шу өзеннің жағасынан жергілікті қариялардың айтуынша 30-ші жылдары атылған әйелдермен балалардың топталып жатқан сүйектері табылды.

Бұған қоса ол тарихы құжаттарды елге танытатын кез келгенін атап өтті. 

"Осындай тарихи ақтаңдақтар Ертіс пен Шуда ғана емес, Жетісу мен Сыр бойында, Каспий өңірінде де орын алған. Елімізбен бірге, ашаршылық пен репрессия орыс, украин, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз басқа да Қазақ Республикасында өмір сүрген адам баласының басынан өткен. Әрине, мұндай құжаттарды анықтап, халыққа жария етіп, еліміздің мыңдаған нағыз құрбандарын ақтап, адал тарихи баға беретін кез келді", - деді мәжілісмен.

Сондай-ақ депутат Берік Дүйсембинов  «Ақ жол» демократиялық партиясы елімізде де-коммунизация ұстанымын мемлекетіміздің ресми саясатының бір бөлігі болуын қалайтынын жеткізді. 

"Сонымен қатар, соңғы жылдары, біздің байқауымызша, кейбір әлеуметтік топтарда, керісінше, сталинизмді қайта насихаттау басталды. Біз ондаған жыл бойы кірме үгіт-насихатпен өмір сүрген аға буынның көзқарасымен санасып, олардың отанымыз үшін қосқан қажырлы енбегіне құрметпен қараймыз. Алайда, өткен заман тәуелсіз ұлттың келешегіне бөгет емес, баспалдақ болуы тиіс. Қазақ елінің болашағын тоталитарлық идеология емес, жалпы адамзат өркениетіне бағытталған, келешектің ара-жігін ажырата білетін жаңа, тәуелсіздіктің ұрпағы айқындауы қажет. Сонда ғана ашаршылық пен саяси кұғын-сүргін қайғысының терең ұғынып, 30 жыл бұрын тұнғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастаған құрбандардың ақтау жұмысы шын мақсатына жетер", - деп аяқтады сөзін депутат.

Талқылау