Қазақстандық депутаттар автокөлікті қыздыру уақытына қатысты нақты талап қоюды сұрады
Фото: shutterstock.com
Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода өткен қыста қоғамда үлкен талқылау тудырған автокөліктерді қыздыру мәселесі жаңа жылыту маусымында да қайталануы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, биыл қаңтар айында халық қалаулылары бұл мәселені шешудің жолын ұсынғанымен, үкімет тоғыз айдан бері өз ұстанымын білдірмей отыр.
"Өткен жылы қоғамдағы шиеленіс ауа райының қолайлы болуына байланысты бәсеңдеді, алайда мәселе шешілген жоқ. Біз жаңа жылыту маусымында бұл жағдай қайтадан туындайтынына сенімдіміз. Қаңтар айында мәжіліс депутаттарының үштен бірі түзетулер енгізіп, мәселенің шешімін ұсынған еді. Бірақ үкімет тоғыз айдан бері келісілген ұстанымын да, өз ұсынысын да білдірген жоқ", – деді Колода.
Ол ішкі істер министрі Ержан Саденовтен осы мәселеге қатысты нақты пікір білдіруді сұрады.
Министрдің айтуынша, бұл маусымдық сипаттағы мәселе және ведомствоның бақылауында тұр.
"Бұл нормалар кеше ғана пайда болған жоқ. Біз халықпен үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Өздеріңіз білесіздер. Заң бар, ол орындалуға тиіс. Бірақ, ең бастысы, түсіндіру жұмыстарын жалғастыру болып отыр. Былтыр да, биыл да біздің қызметкерлер әкімдік өкілдерімен бірлесіп осы бағытта жұмыс істейді", – деді Саденов.
Сонымен қатар барлық жағдай заңбұзушылық болып саналмайтынын атап өтті.
"Мысалы, автотұрақта көлік жарты сағаттай тұрса, бұл бұзушылық емес. Егер көлік тұрғын үйлерден, балабақшалар мен басқа әлеуметтік нысандардан алыс жерде тұрса, біз түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жерде барлық мемлекеттік органдардың келісілген шешімі қажет", – деді министр.
Ержан Саденов былтыр бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс тудырғанын, алайда жағдайды бақылауға алуға мүмкіндік болғанын айтты.
"Қолданыстағы нормалар жалпы алғанда дұрыс, бірақ оларды нақтылау қажет", – деп түйіндеді министрлік басшысы.
Атырау облысында ірі кәсіпорындарға қоршаған ортаны ластағаны үшін 2,3 млрд теңге айыппұл салынды
Қазақстанда енді жылдамдықты асырғаны үшін 117 мың теңгеге дейін айыппұл салынады
Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Саденов полицияға қазақстандықтарды көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін жаппай айыппұл салу тапсырылмағанын мәлімдеді. Бұл норманы бұзу тек азаматтардан шағым түскен немесе құқық бұзушылық дәлелденген жағдайда ғана қаралады. Министрлік жол қозғалысы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселесін зерттеп жатыр.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
