Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мүгедектердің зейнет жасын төмендету ұсынылды

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов мүмкіндігі шектеулі жандардың зейнет жасын төмендету керек деп есептейді. Ол оны 63-тен 55 жасқа дейін түсіруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

"Мүгедек адамдар үшін зейнетақы жасын төмендету мәселесі денсаулық жағдайының факторларын, диагнозы мен ауруын, еңбек сипатын және т.б. ескере отырып кешенді шешілуі тиіс. Бірақ оларға зейнетке шығудың орташа жасы көп балалы аналарға ұқсас 55 жас болуы керек", - деді депутат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, елде 600 мыңнан астам адамның мүмкіндігі шектеулі. Соның ішінде жұмыс істейтін ересектерінің саны 85 мыңнан асады. Олардың арасында жұмысқа жарамдыларының қатары негізінен үшінші топтағы мүгедектер. Сол жұмыс істейтін 85 мың адамның 50 мыңының жасы 45-тен асқан, яғни зейнет жасына таяп қалған. Жасы келген сайын жүріп-тұруы қиындай түссе де ақша табудың қамымен 63 жасқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр, дейді депутаттар.

Елордалық Олжас Ескендіров те денсаулық жағдайына қарамай еңбегін сарп етіп жүрген жандардың бірі. Дәрігер мамандығын меңгерген. Жеті жылдан бері екінші топтағы мүгедек. Бірақ соған қарамастан дәрігерлік қызметін тастамай келеді. Өйткені алатын жәрдемақысы тым аз. Тіпті жұмыс істеп табыс тауып жүргеннің өзінде дәрі-дәрмегі мен түрлі қызмет алуға жетпейтінін айтады. Сондықтан депутаттардың ұсынысын ол толық қолдайды.

"Өйткені бәрі қымбаттайды. Тамақтың бағасы да, дәрі-дәрмектің бағасы да, түрлі қызмет те, оны да алу керек. Өйткені тегін алуға көп уақыт кетеді, порталға тіркелу керек. Оған денсаулығың мұрша бермейді. Соған ақша төлеп басқа клиникаларға барасың", - дейді Олжас Ескендіров.

Талқылау